Саясат • 07 Қаңтар, 2026

Президент сұхбаты: мемлекет саясаты қалай өзгерді?

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатына талдау жасап, онда мемлекеттік саясаттың логикасы қалай өзгергенін және бұл өзгерістердің әр азаматтың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.

Президент сұхбаты: мемлекет саясаты қалай өзгерді?

Фото: Turkistan.kz

Сарапшылардың пайымдауынша, бұл сұхбат жетістіктерді тізбелеу немесе ақталу сипатындағы мәтін емес. Ол реформалардың жаңа нормалары мен күтілетін талаптарын бекітетін бағдарлық құжат рөлін атқарады.

Реформалар – талқы емес, талап

Сұхбатта реформалар қайтымсыз үдеріс ретінде сипатталады. Мемлекет басшысының тілінде «сынап көру» немесе «қарап көреміз» деген ұстаным жоқ. Реформалар жаңа шындық ретінде қабылданып, оған мемлекеттік институттар бейімделуі тиіс. Бұл басқару жүйесіне нақты сигнал ретінде бағаланып отыр: ендігі кезеңде талқылаудан орындауға көшу қажет.

Популизмнің орнына жауапкершілік

Салық, тариф және бюджеттік тәртіп мәселелері «амалсыз шара» емес, кемел саясаттың белгісі ретінде түсіндірілген. Саяси легитимдік қысқа мерзімді танымалдықпен емес, мемлекетті дағдарыстан сақтай алу қабілетімен өлшенеді. Осы тұрғыда халыққа ұнамайтын шешімдер биліктің әлсіздігі емес, оның жауапкершілігі ретінде көрсетіледі.

Жаңа қоғамдық келісім

Әлеуметтік әділет ұғымы қайта қаралады. Әңгіме баршаға тең үлестіру емес, нақты мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсету жайында. Қамтамасыз етілген топтарды жасырын субсидиялаудан бас тарту қажеттігі айтылған. Негізгі қағида – «тұтынуына қарай төлейді, қажеттілігіне қарай алады». Бұл – масылдыққа жол бермейтін, өзара міндетке негізделген әлеуметтік модель.

Институционалдық кепіл

Сарапшылардың пікірінше, мемлекет тұрақты өтемақылар көзі ретінде емес, заңдылық пен мүдделер теңгерімін қамтамасыз ететін арбитр ретінде сипатталған. Негізгі мәселе ресурстың көлемінде емес, институттардың сапасы мен басқару тиімділігінде екені атап өтіледі. Осылайша, қолдау шараларының санынан гөрі институционалдық қайта баптауға басымдық беріледі.

Экономика: өсім мақсат емес

ІЖӨ өсімі бар екені мойындалғанымен, оған инфляция, салалар арасындағы теңсіздік және экономиканың орта деңгейде тұрып қалу қаупі қатар жүреді. Құрылымдық өзгерістерсіз мұндай өсімнің ұзаққа созылмайтыны ашық айтылады. Сондықтан басты назар жалаң көрсеткіштерге емес, еңбек өнімділігін арттыруға және өсімнің сапасына аударылады.

Бизнеске жаңа талап

Бизнес экономиканың тірегі ретінде бағаланады, алайда оған әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық міндеттерге қатысу жөнінде жаңа этикалық талаптар қойылады. Бұл ретте нарыққа қарсы риторика да, жеке меншікке қол сұғу да жоқ. Экономикалық тиімділік әлеуметтік легитимдікпен толықтырылуы тиіс деген ұстаным айқындалған.

Заң мен тәртіп – негізгі норма

Қаңтар оқиғалары, сыбайлас жемқорлық, көші-қон, армия және әлеуметтік саясат мәселелері заң үстемдігі қағидасы арқылы біріктірілген. Сарапшылар мұны ақталу кезеңі аяқталып, құқықты жүйелі қолдану кезеңі басталғанының белгісі деп бағалайды.

Цифрландыру мен жасанды интеллект

Цифрландыру және жасанды интеллект стратегиялық, тіпті экзистенциялық басымдық деңгейіне көтерілген. Бұл бәсекеге қабілеттілік, егемендік және қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Тиісінше, кадр, білім беру және институционалдық реформаларға басымдық берілуі тиіс.

Жалпы алғанда, сұхбатта біртұтас логика қалыптасады: жаңғырту – әділет – заң – еңбек – жауапкершілік. Сарапшылар 2026 жылғы бұл сұхбатты реформалар мүмкін нұсқа емес, елдің орнықты дамуы үшін міндетті шарт ретінде іске асырылатын нормативтік шеңбер деп бағалайды.

Соңғы жаңалықтар