Қысқы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында 2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін Батыс Қазақстан облысы аумағында «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен болатын. Осы іс-шара барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қараусыз, түнгі уақытта заңды өкілсіз жүруіне және алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзуы фактілерін анықтауға бағытталған кешенді профилактикалық және бақылау шараларын өткізді.
Он күнге созылған іс-шараның қорытындысы бойынша ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған 130 бала жеткізілген. Олардың 126-сы – әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, ал 4-уі – қараусыз және бейберекет жүргені үшін айыпталды.
«Біз бұл балалардың үшеуін Адаптациялық орталыққа орналастырдық. Жалпы іс-шара барысында 205 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ата-аналардың немесе заңды өкілдердің тәрбиелік міндеттерін орындамаған 15 оқиға, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 8 бала анықталды. Алкоголь өнімдерін сату талаптары 5 рет бұзылды. Қоғамдық орында ішімдік ішіп, мас күйінде жүрген адам қамауға алынды. Осы кезеңде 176 бала түнгі уақытта заңды өкілсіз немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны анықталды», дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Нұржан Қуанғалиев.

Бүгінде полицияның арнайы профилактикалық есебіне жаңадан әлеуметтік жағдайы нашар 5 отбасы қосылған. Бұған дейін профилактикалық есепте тұрған 235 отбасы және тізімдік есепте тұрған кәмелетке толмаған 155 бала тексерілген.