Экономика • Кеше

«Теңізшевройл» қазақ экономикасына қандай үлес қосты?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы он жылда еліміздің республикалық және жергілікті бюджеттеріне түскен жиынтық салық түсімдері (Ұлттық қорға түсетін түсімдерді есептемегенде) шамамен төрт есеге өсіп, 5,4 трлн теңгеден 21,6 трлн теңгеге жетті. Өсімнің негізгі серпіні 2020 жылдан кейінгі кезеңге тиесілі болып отыр. Бұл өсім экономиканың қалпына келуі, шикізат бағасының көтерілуі мен салық базасының кеңеюімен байланысты тіркеліп отыр, деп жазады Egemen.kz.

«Теңізшевройл» қазақ экономикасына қандай үлес қосты?

Фото: tengizchevroil.com

Осы ретте елдегі ең ірі салық төлеуші «Теңізшевройлдың» ел экономикасына қосқан үлес-салмағы қандай? «Теңіз» кен орны өндіру көлемі бойынша әлемдегі ең ірі он мұнай кен орнының қатарында. S&P Global Commodity Insights бағалауынша, аталған кен орны еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10%-ын қамтамасыз етеді.

Алайда салық төлемдері нарықтық жағдайға тәуелді болып қалады. «Теңізшевройлдың» (ТШО) салық төлемдері 2014 жылғы 1,6 трлн теңгеден 2022 жылы ең жоғары деңгей – 4,6 трлн теңгеге дейін өсті. 2024 жылға қарай 3,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Сонымен қатар ТШО-ның жиынтық салық түсімдеріндегі үлесі дағдарыс кезеңдерін қоспағанда, тұрақты түрде 20 – 30% аралығында сақталып келеді. Мұндай ерекшелік мұнай бағасының 2015 – 2016 жылдардағы құлдырауы, пандемия және 2020 – 2021 жылдардағы постпандемиялық кезеңдерде байқалған. Себебі осы кезеңде компанияның үлесі уақытша қысқарған еді.

2024 жылы салық түсімдері азайғанына қарамастан, ТШО елдегі барлық компаниялар арасында салық төлеу бойынша көшбасшы мәртебесін сақтап отыр.

АҚШ Каспий құбыр консорциумы, «Теңізшевройл» және Қарашығанақ жобаларына қатысты санкцияларды тоқтатты

Energy Analytics арнасы осы бағыттағы көрсеткіштерді әр жылдағы орташа жылдық валюта бағамы негізінде долларлық мәнде де салыстырған. Валюталық баламада жиынтық салық түсімдері тұрақты өсімді көрсетіп, 2024 жылы шамамен 46 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал ТШО-ның үлесі 2022 – 2023 жылдардағы ең жоғары көрсеткіштермен салыстырғанда төмендеген. Бұл баға конъюнктурасының өзгеруімен қатар, Болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) инвестициялық кезеңінің аяқталуына да қатысты тіркелген көрсеткіш.

АҚШ ақшасы бағамымен қарастырсақ та салық түсімдері дағдарыстардан кейін қалпына келіп, өсім үрдісін жалғастырып жатыр. Мұнай-газ кірістері фискалдық жүйенің негізгі тірегі болып қала береді.

Қазір басты мәселе «Теңіз» кен орны бойынша келісімді ұзарту болып отыр. The New York Times деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Chevron келіссөздерді бастап кеткен. Chevron үшін «Теңіз» жоғары табысты стратегиялық актив болып қала берсе, біздің ел үшін ІЖӨ, салық түсімдері және мұнай өндіру көлемін қамтамасыз ететін жүйеқұраушы арна екені белгілі.

«Теңізшевройл» компаниясына 639,6 млн теңге айыппұл салынды

Келіссөздер барысына экспорттық бағыттардың осалдығы, ОПЕК+ аясындағы міндеттемелер және 2033 жылдан кейін экономикалық рентаны бөлу тәртібін қайта қарау мәселелері әсер етпек. The New York Times пайымынша, геосаяси тәуекелдер мен шетелдік инвесторлар үшін шарттарды қайта қарау жөніндегі ішкі сұраныс та қосымша қысым тудырып отыр. Себебі мұндай күрделі кен орнында басқарушылық және технологиялық құзыреттерді толық алмастыру мүмкіндігі шектеулі екені белгілі.

Соңғы жаңалықтар