Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Санитарлық бақылау медициналық ұйымдарда санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық, профилактикалық, қадағалау шараларының кешенін қамтиды. Негізгі мақсаты – пациенттер мен медицина қызметкерлері арасында жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу.
Медициналық стационарларда санитарлық-гигиеналық, эпидемияға қарсы режімнің сақталуын қамтамасыз ету – санитарлық бақылаудың маңызды бағыты. Үй-жайларды белгіленген талаптарға сәйкес тазалау, ағымдағы, жалпы дезинфекциялау жұмыстарын уақтылы жүргізу, операциялық, процедуралық бөлмелер мен палаталардың санитарлық жағдайын бақылау инфекциялық қауіптердің төмендеуіне ықпал етеді.
Медициналық мақсаттағы бұйымдарды дезинфекциялау, стерилизациялау талаптарының сақталуы санитарлық бақылаудың басым бағыттарының бірі. Бұл үдерістердің бұзылуы инфекциялық асқынулардың пайда болуына, антибиотиктерге төзімді микроорганизмдердің таралуына себеп болуы мүмкін. Осы тұрғыда санитарлық дәрігерлер стерилизациялау режімдерінің сақталуына, өңдеу сапасына, стерильді бұйымдарды сақтау шарттарына, есептік құжаттаманың дұрыс жүргізілуіне бақылау жүргізеді.
АІИ-дің пайда болу қаупі жоғары бөлімшелерге, атап айтқанда, хирургиялық, реанимациялық, акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық, инфекциялық бөлімшелерге санитарлық бақылау күшейтілген түрде жүзеге асырылады. Бұл бөлімшелерде талаптардың сақталуына жүйелі мониторинг жүргізіледі, эпидемиологиялық жағдай талданып, профилактикалық шаралар дер кезінде қабылданады.
Стационарларда қоршаған ортаның санитарлық жай-күйін бақылау да маңызды. Ауызсу сапасы, желдету, ауа алмастыру жүйелерінің жағдайы, микроклимат көрсеткіштері медициналық ұйымдардың эпидемиологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Санитарлық бақылау аталған көрсеткіштердің қолданыстағы нормалар мен талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Медициналық қалдықтармен жұмыс істеу тәртібін сақтау санитарлық бақылаудың маңызды құрамдас бөлігі. Қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау, залалсыздандыру талаптарының бұзылуы инфекциялардың таралу қаупін арттырады. Санитарлық бақылау медициналық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерімен санитарлық-ағарту, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Қол гигиенасын сақтау, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану, асептика, антисептика қағидаларын орындау жөніндегі тұрақты дағдыларды қалыптастыру АІИ-дің алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Бір сөзбен, өңірлердегі медициналық стационарларда санитарлық бақылау АІИ-дің алдын алу жүйесінің ажырамас бөлігі. Оның тиімді ұйымдастырылуы медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, пациенттер мен медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғауға, сондай-ақ халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Гүлнар МАДИМАРОВА,
Алматы қаласы Алмалы ауданының СЭББ бас маманы