Саясат • 09 Қаңтар, 2026

Саланы жетілдіруге байланысты кешенді шаралар

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі пациентке бағдарланған, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған саланы жаңғырту мен дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Саланы жетілдіруге байланысты кешенді шаралар

Сурет: primeminister.kz

Оның айтуынша, Президент тарапынан дәйекті қолдаудың арқасында денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындар кейінгі жылдары үш есеге жуық өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық көмектің көлемін едәуір кеңейтуге, инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғыртуға әрі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік берді.

Мәселен, республикалық маңызы бар негіз­гі нысандар пайдалануға берілді. Олар – Ұлт­тық онкология орталығы,  Астанадағы шұ­ғыл медицина орталығы, сондай-ақ Алматы­дағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан ауылдық ден­сау­лық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ауқымды жоба аяқталып келеді. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 650-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілді, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты едәуір азайтты», деп атап өтті Т.Сұлтанғазиев.

Ұзақ уақыттан бері алғаш рет тарифтік саясат қайта қаралды. Босандыру мен педиатрия тарифтері көтерілді, аурулардың алдын алуға, ерте диагностикалауға әрі медициналық қызметтердің сапасын арттыруға баса назар аударылды. Клиникалық бағыттарда елеулі прогреске қол жеткізілді, ана мен баланың денсаулығын сақтау жүйесі нығайтылды. Онкологиялық қызмет белсенді дамып келеді, бұрын негізінен шетелде қол жетімді боп келген жоғары дәлдіктегі әрі жұмсақ емдеу әдістері енгізіліп жатыр.

Дәрілік саясатқа деген жаңаша көзқарас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақ­тылығын арттырып, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген стратегиялық басымдық ретінде цифрландыруға ерекше назар аударылады.

«Салада «eDensaulyq» экожүйесі қалыптасып келеді, дәрігерді қолдау мен медициналық көмектің сапасын арттыру құралы ретінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізіліп отыр», деді бірінші вице-министр.

Бұған қоса, Парламент Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша әзірленген медицина қызметкерлерін қорғау туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты жасал­ған зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыс­тық жауап­кершілік енгізіліп жатыр, сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби жауапкерші­лігін сақтандыру тетігі іске қосылды. Әлеу­меттік қолдау шараларының арқасында дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, орта медициналық персонал 7%-ға, ауылдық жерлерде 16%-ға төмендеді.

«Биылдан бастап инфекциялық қыз­меттер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сақтандыру моделіне көшуді, халықты қамту көлемін кеңейтуді әрі медициналық қызметтер сапасын мемлекеттік бақылауды қалпына келтіруді көздейтін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі заң қабылданды», деді Т.Сұлтанғазиев.

Саланы дамытудың стратегиялық басым­дықтары айқындалды. Денсаулық сақтау­ды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырым­дамасы және Медициналық көмектің сапасын басқарудың кешенді жоспары әзірленді.

Вице-министр атап өткендей, қабыл­данып жатқан шаралар айтарлықтай нәтиже бере бастады. Мәселен, халықтың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75,8 жылды құрайды, өлім-жітім көрсеткіштері төмендеп жатыр. Жалпы өлім-жітім 2,6%-ға, нәресте өлімі 18%-ға қысқарды, ал еліміз халықаралық рейтингілердегі өз позициясын жақсарта отырып, адам дамуы индексінде жеті тармаққа көтерілді.

Соңғы жаңалықтар