Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
ҰБТ-ның өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Биылғы қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтінім берген үміткерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артып отыр.
Ұлттық тестілеу орталығы хабарлағандай, 2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейінді пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейінді пәннің әрқайсынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді, 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты 4 сағаттан, яғни 240 минуттан тұрады. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Осыған қоса талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.
ҰБТ тапсыру кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесін тестілеу компьютерінде ашық қолдана алады. Осы аталған кестелер мен есептеу құралы алдын ала жүктелген.
Ескеруге тиіс бір нәрсе бар, тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруге құқылы. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
Үміткерлердің құқын қорғауға қоса оларға қойылатын талап та қатаң. Мәселен, ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады. Дәл осы талапқа байланысты ұтып алған грантынан айырылған жағдайлар да кездескен. Сол себепті тестіленушілерге бұл ережені естен шығармаған абзал.
Еске сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, еліміздің азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Айтпақшы, былтырғы нәтижені еске түсірсек, 2025 жылдың қаңтарындағы ҰБТ-да шекті балды 70,35%-ға жуық талапкер жинаған еді. Орташа балл 65-ті, ең жоғары балл 139-ды құраған болатын. Сонымен қатар ол кезде талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің тек 32,32% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Электромагниттік индукция» тақырыбы қиын болған. Ал биылғы көрсеткіштердің қандай болатынын уақыт көрсетеді, нақтырақ айтсақ, 10 ақпаннан кейін белгілі болады.