Әлем • 09 Қаңтар, 2026

АҚШ-та полиция әйелді атып өлтірді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Миннеаполис қаласында полиция қызметкері 37 жастағы әйелді атып өлтірді. Марқұм Рене Николь Гуд есімді АҚШ азаматы, үш баланың анасы болып шықты, деп жазады Egemen.kz.

АҚШ-та полиция әйелді атып өлтірді

Оқиға 7 қаңтар күні Миннесота штатында болған. АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің ресми нұсқасына сәйкес, полиция қызметкерлері операциядан кейін кеңсеге қайтып бара жатқанда қызметтік көліктің бірі қарға батып қалған. Сол сәтте агенттерді күні бойы бақылап жүрген бір топ адам айнала жиналып, олардың қозғалысын бөгемек болған. Министрдің айтуынша, Рене Гуд өз көлігін «қаруға айналдырып», қызметкерлерді қасақана қағуға әрекет еткен. Ол бір сақшыны көлігімен соққанын да мәлімдеді.

Алайда куәгер түсірген бейнежазбада көлікпен қаққан сәт анық көрінбейді. Видеода ICE қызметкерінің жолды бөгеп тұрған көліктің жүргізуші есігін ашуға ұмтылғаны, көлік қозғала бастағаны, ал алдында тұрған екінші агенттің шетке ырғып, сол сәтте оқ атқаны байқалады.

Ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл әрекетті «ішкі терроризм актісі» деп бағалап, «Полиция қызметкері өз өміріне, әріптестерінің және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнгендіктен, өзін-өзі қорғау мақсатында қару қолданды» деп түсіндірді.

АҚШ президенті Дональд Трамп та марқұмның әрекетін «саналы әрі агрессивті» деп сипаттап, полиция мен ICE қызметкерлеріне радикалдар күн сайын қауіп төндіреді деп мәлімдеді.

Ал Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрей федералды биліктің бұл уәжін қатаң сынға алып, полиция агенттерінің қаладан кетуін талап етті. Миннесота штатының губернаторы Тим Уолз да федералды органдардың түсіндірмесін қабылдамайтынын айтты.

Оқиғаны федералдық тергеу бюросы зерттеп жатыр.

Марқұмның анасы Донна Генджер қызының депортацияға қарсы ешқандай акцияға қатыспағанын айтты. Ал бұрынғы күйеуінің сөзінше, сол күні Рене 6 жастағы ұлын мектепке апарып, бірге тұратын азаматымен үйіне қайтып келе жатқан.

Рене Гуд Вирджиния университетін тәмамдаған, әдебиет мамандығы бойынша білім алған. Әлеуметтік желілерде өзін «ақын, жазушы, жар және ана» деп таныстырған.

Қазір Миннеаполисте және Миннесотаның өзге қалаларында тергеу қызметі мен Трамп әкімшілігінің саясатына қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр. Кейбір митингілер кезінде сақшылар шерушілерге қарсы бұрыш газын қолданып, адамдарды күшпен ығыстырған.

Соңғы жаңалықтар