Қоғам • 09 Қаңтар, 2026

Оралда 300 «ақылды» камера іске қосылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында 300 «ақылды» камера іске қосылды. Енді қала көшелері, аулалар мен жол қиылыстары жасанды интеллекттің тәулік бойғы бақылауында болады. Қалалық бейнебақылау жүйесі ЖИ-ге біріктірілді. Сынақтан өткеннен кейін бұл технология Батыс Қазақстан облысы аумағында кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда 300 «ақылды» камера іске қосылды

Фото: depositphotos.com

«Ақылды» камералар тек болып жатқан жағдайды тіркеп қана қоймай, қылмыстардың алдын алуға және оларды нақты уақыт режимінде ашуға көмектеседі. Жедел басқару орталығында полиция қызметкерлері ахуалды онлайн бақылап отыр. Жүйеге 7 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Өткен жылы жүйе күшейтіліп, ЖИ элементтері бар 300 «ақылды» кешен орнатылды.

Камералар бет-әлпетті және автокөлік нөмірлерін таниды, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын, тіпті белгіленбеген жерге қоқыс тастау сияқты ұсақ құқықбұзушылықтарды да тіркейді. Мұндай әрекеттер үшін айыппұл қарастырылған.

Қосшыда жасанды интеллектісі бар 1,5 мың камера іске қосылды

Жүйе қатты тұрмыстық қалдықтар жиналатын орынның айналасын бақылауға алады. Егер азамат қоқысты контейнерге емес, жанына тастаса, жүйе автоматты түрде сигнал береді.

Осындай жедел басқару орталықтары облыстың 8 ауданында жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 4 аудан орталығында ашу жоспарланған.

24.kz-тің хабарлауынша, жедел басқару орталығы камералардың көмегімен 115 қылмыстың бетін ашты, оның екеуі – ауыр қылмыстар. Сонымен қатар 23 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Технологиялық жаңғырту тек стационарлық камералармен шектелмеді. Полиция қызметкерлері автоматты тіркеудің мобильді кешендерімен қамтамасыз етіліп, 800 бейнежетон жаңартылды. Олар іздеуде жүрген адамдарды да бет-әлпеті арқылы тани алады.

СҚО-да «ақылды камералар» іске қосылды

Соңғы жаңалықтар