Қоғам • 09 Қаңтар, 2026

Ақтөбеде батут паркінде секірген бала мүгедек болып қалды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Полиция бұған дейін қылмыс белгілерінің болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан. Ақтөбеде сот батут паркі басшылығын мекемеде жарақат алып, мүгедек болып қалған баланың отбасына өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде батут паркінде секірген бала мүгедек болып қалды

Фото: Depositphotos.com

Оқиға 2024 жылы болған. Баланың анасының айтуынша, 8 жасар ұлы ойын барысында батуттан секіріп, ауасы шығып кеткен матрасқа қонған.

Бала сынық жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Бір аптадан кейін оған ота жасалғанымен, баланың жағдайы нашарлап, 7 күн реанимацияда жатқан соң комаға түскен.

Анасының талап-арызы бойынша, оның ұлының сүйек буынына темір штифт бекітілген. Ауруханадан шыққаннан кейін 2 ай өткен соң ауырсыну күшейген. Тағы бір ота жасалған, бірақ ол қайтадан жамбасы ауыратынын айтқан. Баласын Астанаға алып барған. Анықталғандай, штифт бұлшықеттерді жыртып, сыртқа шығып кеткен екен. Дәрігерлер оны алып тастап, Илизаров аппаратын орнатқан. 2025 жылдың қаңтар айында балаға үшінші топтағы мүгедектік берілген.

Бірінші сатыдағы сот батут паркін 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген. Алайда әйел бұл шешімге апелляциялық шағым түсірді. Сот алқасы батут паркі басшылығы секіру кезінде қауіпсіз қону жағдайын қамтамасыз етпегенін растады. Нәтижесінде мекеме жәбірленуші тарапқа 7 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Оқиғадан кейін полиция «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда қылмыс белгілерінің  болмауына байланысты іс жабылды. Тергеу барысында баланың абайсызда құлағаны немесе қону кезінде ережелерді бұзуы мүмкін деген қорытындыға келген.

Соңғы жаңалықтар