Фото: Depositphotos.com
Абай облысында арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы кәмелетке толмаған тәрбиеленушінің мүддесі үшін сотқа талап арыз түсірді.
Сот мәліметінше, жетім бала тұрғын үй кезегінде тұрған. Алайда Абай облысындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістерден кейін жаңа кезек тізімдерін қалыптастыру барысында ол туралы мәліметтер жоғалып кеткен.
«Жанасемей ауданының ТКШ бөлімі мен Семей қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары қызметтік міндеттеріне салғырт қарап, жетім баланың құқықтарының бұзылуына жол бергені анықталды. Сот талап арызды қанағаттандырып, лауазымды тұлғалардың әрекетін заңсыз деп таныды», делінген хабарламада.
Сот шешімімен «Отбасы банкке» кәмелетке толмаған баланы 2016 жылдан бастап тұрғын үй есебіне қою туралы жоғалған мәліметтерді қалпына келтіру міндеттелді. Қаржы ұйымы бұл талапты бір ай ішінде орындады.