Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Айгүл Құспан, Сергей Пономарев және Айдос Сарым Алматы қаласының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады.
Сапар аясында депутат Айдос Сарым азаматтарды жеке қабылдап, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй құқықтары, медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және қалалық ортаны дамыту мәселелері бойынша тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Көтерілген мәселелердің бір бөлігіне қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме берілді, ал бірқатары қосымша зерделеу үшін жұмысқа алынды.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимаратына барып, нысанның қазіргі жай-күйімен және реконструкция барысымен танысты. Бастапқыда өткен жылдың қараша айында аяқталуы тиіс болған жөндеу жұмыстары қазіргі уақытта тоқтап тұр. Архитектуралық ескерткіш саналатын әрі ұлттық мәдениеттің символы болып табылатын театр биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Депутат реконструкцияны аяқтау мәселесін республикалық деңгейде қарау қажеттігін атап өтті.
– Мұндай нысандар ұлттың мәдени кодын қалыптастырады. Ел үшін маңызы зор мекемелердің ұзаққа созылған құрылыс күйінде қалуына жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе Мәжіліс деңгейінде көтеріледі, – деді Сергей Пономарев.
Ал Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Алматы облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің техникалық және кәсіптік оқу бөлімшесіне барды. Ол бөлімшенің материалдық-техникалық базасын, жеке құрамның қызмет ету және оқыту жағдайын, сондай-ақ медициналық пункттің жұмысын көріп шықты. Кездесу барысында санитарлық бейіндегі мамандарды даярлау, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Шекара қызметінде де жабдықтау, тұрғын үй жағдайы, медициналық қызмет көрсетуге қатысты түйткілдер бар екенін білеміз. Олардың бір бөлігі бюрократиялық әрі нормативтік сипаттағы мәселелер, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылға байланысты. Бұл мәселелер шешімін табады. Ең бастысы – шекарашылардың рухы, патриотизмі мен кәсібилігі, – деп атап өтті Айгүл Құспан.
Сондай-ақ депутаттар Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағын ауданында салынып жатқан II типті өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты. Нысан AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа депо өрт сөндіру бөлімшелерінің жету уақытын қысқартып, қарқынды дамып келе жатқан аудан тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр және 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Депутаттардың айтуынша, жедел қызметтердің дайындық деңгейі қала тұрғындарының өмір сапасы мен жалпы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.