фото: ашық дереккөз
Бұл шешім қағаз жүзінде «бірегей ереже», «бағаны тұрақтандыру» деп сипатталса да, іс жүзінде бағаны теңестіруге міндеттеліп отыр.
Қазақстанның Энергетика министрлігі әлеуметтік желілерде бензин бағасының ықтимал өсуі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
«Бұл процесс кезең-кезеңмен жүргізілетін болады. Әңгіме басқа елдермен бағаны бірден және автоматты түрде теңестіру туралы емес, заңнаманы үйлестіру туралы болып отыр. Кез келген интеграциялық үдерістерде Қазақстан азаматтарының ұлттық мүдделері мен әлеуметтік көңіл-күйі басты басымдық болып қала береді», деп мәлімдеді министрлік.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, көршілес мемлекеттермен бағаның үлкен айырмашылығы елден заңсыз әкетілетін арзан отынның «сұр» экспорт тәуекелін тудырады. Бұл ішкі нарықта жасанды тапшылық қаупін арттырады.
Бұдан басқа, ағымдағы төмен бағалар инвестициялар үшін мүмкіндіктерді шектейді, ал салаларға Шымкент, Атырау және Павлодар зауыттарын кеңейту, сондай-ақ жаңа, төртінші МӨЗ салу үшін қаражат қажет.
«Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық баға белгілеуге көшу біртіндеп жүргізіледі. Барлық шешімдер нақты экономикалық жағдайды және халықтың табысын ескере отырып, тұтынушылар үшін күйзеліс сценарийлерін болдырмау үшін қабылданады», деп атап өтті ведомствода.
Бұған дейін журналист Олег Червинский өзінің телеграм-арнасында бұл іс жүзінде бағаны мәжбүрлі теңестіруді білдіретінін айтқан болатын. Оның айтуынша, нарық «біртұтас және ашық» болуы үшін Астана мен Алматыдағы литр бағасы Мәскеу мен Бішкек деңгейіне көтерілуі тиіс. Қазір еліміздегі бензин бағасы Ресей мен Қырғызстандағыдан екі есе арзан.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақында ғана «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның көршілері үшін еріксіз «көлеңкелі донор» болғанын, ішкі нарыққа арналған арзан отын ұлттық мүддеге жұмыс істеудің орнына шекаралас елдердің экономикаларын қолдай отырып, шетелге жаппай жұтылатынын айтқан болатын», деп жазды Олег Червинский.
Реформаны алға жылжыту үшін қатал ережелер керек
Арзан бензин аралы болып қала алмайтынымыз өткен жылдардың тәжірибесінен белгілі болды. Бірақ «Нарық кімнің мүддесіне қызмет етіп отыр?» деген өткір сұраққа жауап біржақты. Ресми пікір бағаны көтеру шиеленіс те емес, дау да емес, жай ғана «ерікті түрде бағаны үйлестіру» дегенге басымдық беріп отыр.
Энергетика министрлігі бензин мен газ бағасына қатысты шағымдарды қабылдайтын желі ашты
Мұнай-газ сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, бастапқыда бірыңғай отын нарығы 2025 жылы іске қосылады деп болжанған болатын, бірақ Қазақстан мерзімді 2027 жылға дейін кейінге қалдырды.
«Егер біздегі бензин бағасы Ресеймен немесе Қырғызстанмен теңесетін болса, бұл елеулі әлеуметтік шиеленіс туғызады», деп есептейді Жұмағұлов.
Біздің ел үшін басты сын-қатер – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен нарықтық экономика қағидаттары арасындағы теңгерімді табу. Онсыз әрбір жаңа мораторий тұрақтылыққа қадам емес, ескі қателіктердің қайталау болады.
Келесі сарапшы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, елде бір тонна мұнайдан 300-350 литр ғана бензин немесе дизель аламыз. Себебі технология тозған. Салыстырсақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш 800 литрден айналса, Ресейде 600 литр. Сондай-ақ тапшылық мұнай-газ секторындағы қазақстандық үлестің аздығымен байланысты деген пікір бар. Сарапшының айтуынша, біз үшін дәл қазір ЕАЭО аясында ортақ нарық емес, сыртқа экспортталып жатқан мұнай көлемі туралы толыққанды ақпаратты жарыққа шығару маңызды.
«Халық сол кезде ғана нарықтағы мүмкіндігімізді саралайды. Бензиннің шекті бағасы мәселені шешпейді. Біздің экономика шағын және ашық. Дайын өнімдер жағынан ықпал ете алатын жағдайда емеспіз», дейді сарапшы.