Саясат • Кеше

Әлеуметтік мәселелерге басымдық берілді

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Көкшетауда Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Ақмола облысының әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі кеңесі өткізілді. Кеңес «AqmolaDigital» алаңында өтіп, оған облыс әкімі Марат Ахметжанов, әлеуметтік сала вице-министрлері, орталық мемлекеттік органдар мен өңірдегі сала басшылары қатысты.

Әлеуметтік мәселелерге басымдық берілді

Кеңесті облыс әкімі Марат Ахметжанов ашып, өңірдегі әлеуметтік са­ла­ның дамуы жөнінде баяндады.

Алдымен білім мәселесі сөз болды. Облыста барлығы 592 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның 425-і – мемлекеттік, 167-сі – жекеменшік. Кезекте тұрған 2–6 жас аралығындағы балалардың 97,1 пайызы балабақшамен қамтылған, алайда әлі де 3 мыңнан астам балдырған балабақшаға баруы тиіс.

– Министрліктің қадамдық жоспарына сәйкес 2025 жылы 2 563 жаңа орын ашу жоспарланған, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, – бүгінгі таңда 900 орын ғана беріліп, орындалуы 35 пайызға жеткен. 2026 жылы сыйымдылығы 840 орындық 3 мемлекеттік балабақшаны пайдалануға беру жос­­парланып отыр. Өңірде 2023 жылдан бастап 7 мемлекеттік балабақшада күрделі жөндеу жүргізілді. Енді 29 балабақша күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты балабақшалардың материалдық-техникалық базасын ны­ғайту мәселесін облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алу қажет.

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі – педагогтердің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігі. Облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4 045 педагог жұмыс істейді. Олардың 76,9 пайызының бейінді білімі бар. Педагогтердің біліктілік санатының үлесі – 46,4 пайыз, ал, жекеменшік балабақшаларда бұл көрсеткіш небәрі – 13,4 пайыз. Бұл – өте төмен деңгей. Өңірде 690 педагог жетіспейді, оның 52 пайызы жекеменшік балабақшада. Мектепке дейінгі ұйымда 31 басшының орны бос. Меңгерушілердің тек 48,7 па­йызы аттестат­таудан өткен.

Облыста соңғы 3 жылда 26 жаңа мектеп ашылды, оның 9-ы – Келешек мектебі. Соңғы жылдарда оқушылар саны артатынын ескерсек, 2028 жылға қарай орын тапшылығы 4 мыңға жетуі мүмкін. Осыған байланысты алдын ала жоспарлау және нақты шаралар қабылдау қажет.

Бұдан кейін облыстың денсаулық сақтау мәселесі сөз болып, осы сала өңірде әлі де дамытуды қажет ететіні айтылды. Өңірдегі өмір сүру ұзақтығы 74,2 жасты құрайды. 2025 жылдың 10 айында жалпы өлім-жітім – 4%-ға, сәбилердің шетінеуі – 36,7%-ға, тубер­кулезден көз жұмғандар – 29,6%-ға азайған.

– Қан айналымы жүйесінің сырқаты 1,7 пайызға ұлғайған, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова – кардиологиялық қызмет ұйымдарын ұйымдастыру деңгейі сын көтермейді. Бұл арада кадр жетіспеушілігі туралы айтуға болады. Осыған орай меди­циналық құрал-жабдықтармен қам­та­ма­сыз етуді жолға қою керек.

Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, адамдарға керегі – есеп берудегі сандар емес, нақты нәтиже. «Ел азаматтарына медициналық көмек дер кезінде жедел әрі сапалы көрсетілуге тиіс. Әрбір салынған нысан «толық дайын күйде» тапсырылғаны дұрыс. Лицензиясынан бастап, қажетті жабдықпен қамтылған, білікті кадрмен жасақталған болуы керек. Ал ана өлімі мен жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты аса сезімтал көрсеткіштер бо­йынша бытыраңқы шара жеткіліксіз: мұнда бірыңғай басқарушылық тізбек қалыптасып, барлық деңгейде нақты персоналдық жауапкершілік болуы қажет», деді Аида Балаева.

Әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту саласында негізгі түйткіл ретінде деректердің сапасы аталды. Өйткені атау­лы көмектің дәлдігі тікелей сол мәлі­мет­терге тәуелді.

Бірыңғай цифрлық платформаға 727 ұйым енгізілгені айтылды. Сонымен қатар қайта тексеруді қажет ететін жайттар анықталған: қосарланған жұ­мыспен қамту деректері және кадр­лық есептіліктің бұрмалануы сияқты фактілер бар.

Әлеуметтік еңбек саласының не­гізгі бағыттары туралы да кеңес барысында кеңінен айтылды. Алдымен бірыңғай цифрлық платформа ен­гізіліп жатқаны туралы айтуға болады. Ондағы міндет – жергілікті деңгейде жүзеге асырылатын мем­лекеттік әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауды автоматтандыру. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар арасында деректермен жедел алмасу қамтамасыз етілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев баяндады.

Өңірде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаның жыл са­йынғы өсуі байқалды. Сонымен қатар жұ­мыссыздар саны азайып келе­ді, алайда ішкі нарықты қорғау қағи­датын сақтау қажет. 2025 жылғы өсім ин­вес­тициялық жобаны іске асырумен байланысты. Көші-қонның бұл түрі Көлік және әлеуметтік инфрақұрылымға үл­кен жүктеме туғызады, сондай-ақ көші-қонның айқын маусымдылығы байқалады. Облыс бойынша өндірістік жарақаттану көрсеткіштері тұрақты емес. Осылайша, 2024 жылы өндірісте зардап шеккендер мен қаза тапқандардың саны күрт өсті. Сонымен қатар облыстың екі кәсіпорнында 28 жұмысшылар алдында 34,8 миллион теңге көлемінде жалақы бойынша берешек бар.

Ақмола облысында үш жоғары оқу орны бар. Онда 13,1 мың студент білім алуда. Студенттердің 4,7 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы бо­йынша оқып жатыр. Соңғы үш жылда олардың қатары 10 пайызға өсті, бұл көрсеткіш демографиялық өсумен және басқа аймақтардан келген студенттердің келуімен байланысты. Сонымен қатар мықты түлектер мен мемлекеттік білім гранттарының иегерлері жыл сайын басқа өңірлерге, ең алдымен Астанаға кетіп, өңір болашағынан үміт күтіп отырған жас мамандардан айырылып қалып жатыр.

–Алдымен «Мектеп – колледж – ЖОО» топтамасын күшейту және мектептерде өңірдің мамандықтарына бағ­дар­ланған курстарды енгізу қажет, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Жұмыс сапары барысында Аида Балаева Ақмола облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді. Жиында халықпен тұрақты әрі жүйелі кері байланыс орнату жолдары және әлеуметтік қызметтердің сапасына қоғамдық бақы­лауды күшейту мәселелері бөлек талқы­лан­ды. Кездесу барысында Ақмола облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов цифрландыруға байланыс­ты өз ойын айта келіп, егде адамдарды дағ­ды­ландыру мүмкіндігін көтерсе, кеңес мүшесі Әлия Ахетова қоғам мүшелігіне бұрынғы мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерін, белсенді жас­­­тарды тарту қажеттігі туралы мәселе көтер­ді.

Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева білім беру бағытында жеке жоспар әзірлеу, денсаулық сақтау саласындағы бақылауды күшейту мәселесіне қатыс­ты бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ ана өлімі көрсеткішіне, кадр мәсе­ле­сіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті «толық дайын» форматта іске қосуға басымдық беру, өңірдің нақты сұранысына сай кадр даярлауды үйлестіру шараларын, білім және ғылым, туризм, спорт салалары бойынша инфрақұрылымдық шешімдерді жеделдету тапсырылды.

 

Көкшетау 

Соңғы жаңалықтар