Сурет: gov.kz
Президент «Заң және тәртіп» қағидатын мемлекеттік басқарудың темірқазығына айналдыру қажеттігін нақтылады. Бұл – тек құқық қорғау жүйесінің міндеті емес, мемлекеттік аппараттың барлық буынына қатысты басқарушылық талап. Заң үстемдігі орнықпайынша, әділетті бәсеке қалыптаспайды; әділетті бәсеке болмайынша, экономика өнімді болмайды; ал өнімді экономика болмаса, әлеуметтік міндеттемелердің де сапасы төмендейді. Сондықтан «заң» мен «тәртіп» – мемлекет тұрақтылығының синонимі.
Сұхбаттағы түйінді тұстардың бірі – 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау. Бұл бастамаға формальды ұран ретінде қарауға болмайды. Президенттің пайымы бойынша цифрлық шешімдер басқарудағы дәлелді саясатты күшейтуге тиіс, дерекке сүйенген шешім қабылдау мәдениеті мемлекеттік жүйенің табиғи дағдысына айналуы қажет. Демек, цифрландыру – жауапкершілікті күшейтетін басқару құралы.
Еліміздің «цифрлық держава» болу талабы да дәл осы логикадан туындайды. Цифрлық егемендік – технология сатып алу ғана емес, мемлекет пен қоғамның бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу шарты. Жасанды интеллекті мен деректер экономикасы қалыптасқан дәуірде «ертеңге үлгеру» мәселесі әр ел үшін стратегиялық тәуекелге айналды. Президенттің «болашақтың кемесіне мінген елдер мен ескі заманда қалған елдердің арасы алшақтай бастады» деген тұжырымы – геосаяси шындық.
Бұл ой білім саласына тікелей қатысты. Өйткені кез келген жаңғыру ең алдымен адам капиталы арқылы жүзеге асады. Мектеп – қоғамның ертеңгі кәсіби құрылымын қалыптастыратын орта. Мұғалім – сол құрылымды ұстап тұрған негізгі тұлға. Сондықтан жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу мәселесін педагогиканың мазмұнын жаңартатын мүмкіндік ретінде қарастыру қажет.
Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, ұстаздың уақытын артық есеп-қисап пен қайталанатын рәсімдерден босатып, оқу үдерісін жекелендіруге, оқушының оқу траекториясын нақтылауға, бағалаудың әділдігін арттыруға мүмкіндік береді. Егер біз оқушыны «орташа деңгейге» теңестіре берсек, дарынды да, қолдауды қажет ететін де баланы жоғалтамыз. ЖИ құралдары – дәл осы олқылықтың орнын толтыратын әлеует.
Сұхбатта айтылғандай, цифрландыру бойынша Қазақстанның бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Алайда мүмкіндікті сапалы нәтиже ету үшін екі шарт қажет: біріншісі – кадрлық әлеует, екіншісі – ашық әрі әділ ереже. Осы орайда «AI-Sana» сияқты бастамалардың кеңеюі маңызды. Жүздеген мың студенттің жасанды интеллект негіздерін меңгеруі – елдің болашақ еңбек нарығына жасалған инвестиция. Дегенмен көлемнің өзі жеткіліксіз: бізге мазмұн сапасы, қолданбалы жобалар, ғылыми зерттеу мен өндірістің байланысы және нақты құзыреттердің еңбек нарығында бағалануы керек.
Өңірлер үшін бұл міндеттің салмағы тіпті жоғары. Себебі цифрлық теңсіздік – әлеуметтік теңсіздіктің жаңа формасына айналуы мүмкін. Егер ауыл мектебі сапалы интернетсіз, заманауи құрылғысыз қалса, онда ол жердегі бала «кінәсіз түрде» бәсекеден тыс қалады. Сондықтан цифрландыруды енгізу – ең алдымен тең мүмкіндік саясаты. Мұнда «бірдей мүмкіндік» деген сөз – әр баланың сапалы білімге қол жеткізу жолын нақты қамтамасыз ету дегенді білдіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне келгенде Президент ұстанымы – анық әрі кесімді: бұл күрес барлық деңгейде жүруге тиіс және ешбір сала «ерекше режім» сұрай алмайды. Жемқорлық – экономиканы да, моральдық кеңістікті де бүлдіретін құбылыс. Оның алдын алудың бір жолы – жазалау ғана емес, төзбеу мәдениетін қалыптастыру. Мектептің бұл үдерістегі рөлі бөлек: адалдықты ұранмен емес, күнделікті тәжірибемен үйрету қажет. Бала заңды қағаз жүзінде емес, өмірлік норма ретінде қабылдағанда ғана нәтижеге жетеміз.
Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі міндеттемелері туралы ой да сұхбатта кең қамтылған. Әлеуметтік саясаттың өлшемі – оның әділдігі мен нысаналығы. Әсіресе білім саласындағы қаржыландыру тетіктері қоғамда әрдайым сезімтал тақырып. Мемлекеттік қолдау бар жерде міндетті түрде ашықтық, есептілік және тең талап болуға тиіс. Мемлекет басшысы да осы бағытты нақтылап, азаматтардың құқығы тең, ешкімге артықшылық берілмеуі керек деген қағидатты айрықша атады. Бұл қағидат бюджет қаражатын бөлу мен бақылау жүйесінде – бірінші кезекте – нақты ереже, толық цифрлық із және қоғамға түсінікті есеп түрінде көрініс табуға тиіс.
Отаншылдық туралы айтылған ойлар – бүгінгі қоғам үшін ерекше өзекті. Президенттің «Отаншылдық жылтырақ сөзбен бағаланбайды», деген түйіні – әсіре әрекет пен жасанды пафостан арылуға шақыру. Нағыз патриотизм – тәртіп, еңбек, жауапкершілік, табиғатты аялау, қоғам игілігі үшін нақты іс. «Таза Қазақстан» бастамасы да дәл осыны көздейді: тазалықты бір күндік сенбілікке емес, ұлт мәдениетінің өзегіне айналдыру. 2026 жылдың халықаралық еріктілер жылы ретінде жариялануы – осы идеологиямен үндесетін жаһандық бағдардың бір дәлелі.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының сұхбаты бір мезетте үш міндетті айқындап берді: заң үстемдігін күшейту, цифрлық жаңғыруды нақты іске айналдыру және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін орнықтыру. Енді біз бұл бағыттарды құжаттың саны арқылы емес, азаматтың күнделікті өміріндегі әділдік пен сапаның артуы арқылы өлшеуге үйренуіміз керек.
Түркістан облысының білім саласы үшін бұл сұхбаттың мәні бөлек. Себебі жаңа кезеңнің негізгі «сынағы» – мектеп пен мұғалімнің кәсіби деңгейі арқылы өтеді. Біз ұстаз беделін жүйелі қорғауға, оқушының болашағын сапалы біліммен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Жаңғырудың жаңа кезеңі білік арқылы шынайы мазмұнға ие болады.
Ғалымжан ОРЫНОВ,
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы