Медицина • Кеше

Өмір мен өлім арбасқан алты сағат

260 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бір мезетте екі бірдей күрделі операция... Ұлттық нейрохирургия орталығында симультантты операция сәтті жүргізілді. Аталған науқасты қоса есептегенде, бұл – Нейрохирургия орта­лығында бүгінге дейін жасалған бесінші операция. Яғни осы күнге дейін төрт науқасқа босандыру кезінде басына күрделі операция қатар жасалған еді. Асқан жауапкершілік жүктелген операция қалай өтті?

Өмір мен өлім арбасқан алты сағат

Медицина әлеуеті

«Операция барысында бір мезетте екі күрделі хирургиялық араласу қатар орындалды: нейрохирургтер бас миындағы ісікті алып тастап, акушер-гинекологтер кесар тілігі арқылы сәбиді дүниеге әкелді. Жүктілік кезінде нейрохирургиялық диаг­нозбен түскен әйелдер арасында әртүрлі клиникалық жағдайлар кездеседі. Орталық тәжірибесінде мұндай 26 жағдай тіркелген. Олардың бір бөлігінде жүктіліктің ерте кезеңінде операция жасалып, ісік алынды. Операциядан кейін науқастар жүктілігін әрі қарай жалғастырып, белгіленген мерзімге дейін жеткізіп, уақытында аман-есен босанған. Сонымен қатар 17 жағдайда науқастар босанғаннан кейінгі кезеңде нейрохирургиялық ем қабылдаған. Айта кету керек, мұндай симультантты операция біздің орталықта алғаш рет 2008 жылы жүргізілген. Ол кезде тұңғышын күтіп жүрген жас әйел артериовенозды мальформация диагнозымен ауыр жағдайда, комаға түсіп, орталыққа жеткізілген еді. Науқасқа шұғыл түрде нейрохирургиялық операция жасалып, бір мезетте кесар тілігі арқылы бала дүниеге әкелінген. Бүгінде бұл кісі – үш баланың анасы, бақытты отбасының ұйытқысы. Аталған операциялар жоғары кәсіби біліктілікті, көпсалалы мамандардың үйлесімді, жедел жұмысын талап етеді».

Бұл – Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі жариялаған ақпарат. Ал біз 8 қаңтарда күн көкжиекке тырмыса өрлеп арқан бойы көтерілгенде операция бөліміне кіріп, аса күрделі ахуалды көзімізбен көрдік.

 

Жауапкершілік салмағы

«Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» дейтін тіркес бар. Шерағаң қалам ұстаған журналист қауымды «ар­қа­­ла­ғаны – алтын, жегені – жантақ» деп алқалап өтті. Көзбен көріп, көңілден өткізіп қағазға төккен жанды, нанымды әрі қонымды болатыны анық. Осыны мұрат тұтып, симультантты операцияға қаты­сып, көзбен көріп жазуға ұсыныс білдір­дік. Орталықтың кіреберісіне сырт киімді тапсырғанда қатарымыз толығып үшеу болдық. Ұлттық нейрохирургия орталығы халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс секторының бас маманы Мирамгүл Жұбаниязова Ұлт­тық арна тілшісі мен оператор үшеу­міз­ді ілестіріп операция залына жол бас­тады. Алдымен қолымызды арнайы сұйық­тықпен жуып-шайып, тағы да киім ауыстырдық.

Өзгелерді қайдам, өзім дәл сол мезет­те жауапкершіліктің салмағы арқа­ма батқанын сезіндім. Қазір мұнда соқыр­ішекті кесіп алып тастайтын, бол­маса кемікке біткен кеселді жонбай­ды. Дәл біздің көз алдымызда ана мен ба­ла­ның өмірі үшін арпалыс бас­талады. Бұ­ған дейін 4 қызды өмірге әкелген 33 жас­тағы батыр ана операция төсегінде ұйық­тап жатыр. Бірер сәтте батыр ананың құрсағын жарып бесінші перзенті жа­рық дүние есігін ашады. Одан кейін уақыт ұт­тырмай Ұлттық нейрохирургия орта­лығының білікті нейрохирургтері нау­қастың бас миындағы ісікті сылып тастауға кіріседі.

д

 

«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!»

Біз операция бөлмесіне жеткенде Ана мен бала орталығынан келген акушер-гинекологтер білектерін түрініп, операцияға кірісіп кеткен екен. Таңғы сағат тоғыздан екі минут сырғығанда жарық дүние есігін тағы бір сәби ашты. Өмірге атұстар келді! Төрт әпкесінің ізінен ерер балапанды акушерлер құндақтап алды да, едел-жедел тексеріп, арнайы құрылғының ішіне салды. Бірер сәттен кейін нәрестенің іңгәлағаны құлағымызға шалынды. «Оу, адамдар, мен өмірге келдім. Анама апарыңдар мені» дегендей естілді періштенің үні.

«Науқасты жүктіліктің 34-35 аптасында кесар тілігімен босандырдық. Бұған дейін төрт баласын өзі босанған екен. Бесінші сәбиі құрсағына біткеннен кейін басында ісіктің пайда болғаны анықталды. Шымкент қаласынан сан­авиациямен елдордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді. Арнайы консилиум өткізіліп, шұғыл опера­ция жасау арқылы босандыруға шешім қабылдадық. Нәрестенің жағдайы қалыпты, шала туғандықтан, бірнеше күн Ана мен бала орталығында біздің бақылауымызда болады. Салмағы 2,5 кг, бойы 49 сантиметр деп тіркелді»,  деді Ана мен бала орталығының жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінің дәрігері, неонатолог-реаниматолог Евгения Ахмедова.

Ол Нейрохирургия орталығының басшы, мамандары құрамында акушер-гинекологтер, реаниматологтер мен неонатологтер бар дәрігерлер командасын жүктілігіне 35 апта толған, бас ми ісігі диаг­нозы қойылған әйелге операция жасауға шақырғанын, екі операция бір мезгілде жүргізілгендіктен де, жауап­кершілік еселене түскенін мәлім етті.

«Жеке тәжірибемде бұған дейін де осындай операциялар болды. Ұлттық кардиология орталығына да жиі барамыз. Себебі ол жақта жүрегінде ақауы бар жүкті әйелдерге де операция жасалады. Сон­дықтан мұндай жағдайлар біздің орта­лықта арагідік орын алады», деді Е.Ахмедова.

Акушер-гинекологтердің бір тобы едел-жедел басып, арнайы құрылғының ішінде құндақтаулы жатқан сәбиді Ана мен бала орталығына алып кеткен соң операция залына қайта кірдік. Бұл кезде...

 

Ми ішіндегі ісік

Дәрігер нейрохирург Мұратбек Тілеубергенов операция алдында бізге науқасқа қатысты аз-кем сұхбат берді.

«Бірнеше күн бұрын орталыққа науқасты жеткізді. Шүйдесінің сол жақ бө­лігінде ісік пайда болғандығы анық­талған соң осында жатқызылды. Ісіктің көлемі ұлғайып, орналасқан ай­ма­ғында­ғы ми бөлігін өте қатты қысып тұр. Науқас­тың жүктілігіне 34-35 апта бол­ған­дық­тан, Ана мен бала орта­лығы­ның акушер-гинекологтерімен тізе қосып екі, яғни симультантты операцияны бір мезетте жасауға шешім қабылдадық. Ең алдымен нәрестені кесар тілігін жасап аман-есен босандырған соң, анасының басына операция жасаймыз. Науқас орталыққа жеткізілгеннен кейін консилиум өткізіліп, орталық басшысы Серік Ақшолақов, бөлім меңгерушісі Нұржан Рыскелдиев, Серік Кәрібаев, акушер-гинеколог Берік Ұзақбайұлы, нәрестені қадағалап қарайтын неонатологтермен кеңесіп, симультантты операция жасауға шешім қабылданды», деген Мұратбек Абдіғалиұлы.

Бұған дейін дәл мұндай көріністі көгілдір экраннан – фильмдерден ғана көргендікі ме, жүрегім шайлыққандай атқақтап соға бастады. Тысқа шығып кет­кім-ақ келді. Егер кірген ізіммен кері қайт­сам бірнеше сағатқа созылатын, өмір мен өлім арбасқан сәтте, ора­сан зор тәуекелмен жанкештілікке бара­тын дәрігерлердің ерен еңбегін жүрегім­нен өткізе алмас едім. «Тәуекелге бел бу­дың екен, Жаратқаннан жәрдем сұрап науқастың жанында тұр!» дедім іштей күбірлеп дегбірді сабырға жеңдіре.

Жерге тырс-тырс тамған қанды дәрі­гер­лер дереу сүртіп ала қояды. Адам­ның бас терісі астындағы құйқасы мұнша­лық­ты қалың болар ма? Шамалап айтқан­да жарты сантиметрге жуықтайды. Бас сүйек­­тің қаттылығы трепан аппаратымен ара­лағанда аңғарылды. Әп-сәтте опе­ра­ция бөлмесінің ішін сүйектің күй­ген иісі алып кетті. Бас сүйекті кесіп ашқан­нан кейін менің долбарым теріске шық­ты. Ісік мидың сыртына желімдене біткен шығар деп топшылағам. Жоқ, олай болмады. Мерез сұғына еніп, мидың ішіне кеулеп алыпты. Күн өткен сайын ұл­ғайып жондана бергендіктен басты қыса түскен. Мидың бұл бөлігі тірек-қимыл, көздің көру қабілетіне жауап береді.

Білікті маман асқан ептілікпен мидың сыртқы қабатындағы жамылғысын тілмес бұрын қан саулап кетпесін деп ұсақ тамырларды күйдіріп алды. Одан кейін ісікті сылып тастауға кірісті.

 

Пойызда да, ұшақта да кіндік кескен акушер

– Сіз кім боласыз? – деді ту сыртымнан шыққан дауыс. Жалт қарасам, ақ халат киген дәрігерлердің бірі екен.

– Журналиспін, осы үдеріске арнайы қатысып, елімізде дәл осындай аса күрделі операция жасалатынын жария­лауға келдім. Өзіңіз кімсіз?

 – Мен акушермін. Науқасты біздің команда келіп босандырып, нәрестені Ана мен бала орталығына алып кетті. Қасымдағы әріптесім екеуміз операция аяқталғанша бақылау мақсатында бөге­ліп отырмыз. – Барынша ашық-жарқын әңгімешіл жан екен. Самбырлап сөйлеп жатыр. – Бұған дейін пойызда аяғы ауыр келіншекті босандырғаным бар...

– Мәссаған!

– Одан кейін ұшақта шетел азаматша­сының да баласын ақ шарбы бұлттың үстінде өмірге әкеліп, кіндігін кестім. Енді міне операция төсегінде аса күрде­лі диагнозбен түскен келіншекке де опера­цияны сәтті жасадық, – деді. Аты-жө­німізді сұрасып танысқаннан кейін әлгі оқиғалардың жай-жапсарын сұрадым.

2021 жылы акушер Лунара Ерғалиева Астана қаласынан Оралға жету үшін пойызға отырады. Алматыдан шыққан теміртабан көлік вагон толы жолаушыларды тербетіп діттеген бағытта жүйткіп бара жатады. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы да қатар жүреді. Пойызда айы-күні жақындаған жас келіншек те болған екен. Қыс мезгілі бол­ғандықтан, вокзалдан жүрерде жолсе­ріктер аяғы ауыр келіншекті аңғармаса керек. Әйтпесе жүктіліктің дәл мұндай мерзімінде жолаушылап шығуға көбіне рұқсат етілмейді. Лунараның айтуын­ша, жол-жөнекей әлгі келіншектің толғағы қысып, байбалам басталады. «Айтолғаққа көріне гөр» деген тілегі ақтал­май, жас ананың жатырындағы нәрес­те жарық әлемге шығуға талпы­нып бұлқынады. Ендігі тоқтайтын стан­саға дейін әлі сағаттан аса уақыт бар. Жолсеріктер бастап, жолау­шылар қостап, барлығы да Жаратқанға жалбарынып дәрігердің көмегінен үміт күтеді. Алда тек тәуекел тұр. Жаны мұр­нының ұшына келіп, толғағы безектетіп қинал­ған жас ана. «Менің айтқанымды бұл­жыт­пай орында!» дейді қайратын бойы­на жиып білегін түрінген акушер жолау­шыға. Купедегі басы артық адамды тамбурға шығарып, ана мен баланың өмірі үшін арпалысты бастайды. Сүт пісірім уақыт шамасында шар еткен шарананың үні естіледі. Бәрі мәре-сәре. Пойыздың мейрамханасында сәбилі болған әкесі жолаушыларға ақсарбас айтып, тойды бастап кетеді. Кейін осы тәуекелі үшін акушер Лунара Ерғалиева «Жыл адамы» аталымына ие болады.

Екінші оқиға араға үш жыл салып 2024 жылы болған. Әуедегі даңғыл жолына түскен лайнердің ішінде стюардесса «Арамызда дәрігер бар ма? Шұғыл көмек қажет» дейді дауыстап. Ешкім қозғала қоймайды. Ақыры Лунара науқастың жағдайын білмекке жақындай түседі. Іштей «аяғы ауыр болмаса екен» деп тілеп адымдай басып жақындап келсе... Жүктілікпен тіркеуде тұрған жолау­шы екен. Шегінерге жол жоқ, апатты жағдайда шығатын есіктің маңындағы кеңдеу орынға жайғастырады да, тағы да тәуекелге бел буып аман-есен босандырады. Ұшақта туған нәресте бүгінде аяғын нық басып, «өзінің тілінде» шүлдірлеп жүрген болар.

– Бүгін операция төсегінде жарық дүниеге әкелген нәрестені біз бірнеше күн орталықта бақылауда ұстаймыз. Анасы аман-есен оянып, сауыққан соң сәбиінің қасына келеді, – деді акушер.

Сырттай бақылап тұрғанның өзінде қажырың қожырап, белің талып, таба­ныңа күш түсіп қипақтай бастадым. Қи­мы­лымды бағып тұрған дәрігерлердің бірі орындық әкеліп берді. Ал бұл кезде Мұратбек Тілеубергенов көлемі үлкен ісікті кертіп-кертіп алып, толықтай тазалап, мидың сыртқы қабатын көктей тігіп жатты. Бас сүйекті де дәл орнына қойып жиектеп тікті. Полигликоль, полилактид қышқылдарынан жасалған, тіндерді біріктіргеннен кейін ағзада ыдырайтын викрил, сонымен қатар нейрохирургия, офтальмология мен пластикалық хирургияда қолданылатын, тіндерді тартпайтын, деформацияға төзімді, тез үйлесе­тін полипропилен жіптерін қолданды. Соңыра құйқаны сүйектің бетіне жа­уып айналдыра тігудің аяғына жеткенде операцияның алтыншы сағаты соғып жатты. Тапжылмай еш кідіріссіз табандап тұрып алты сағаттан астам уақыт операцияға қатысып, ана мен баланың өмірі үшін барын салып еңбек еткен ұжымның маңдай тері қандай марапатқа да, құрметке де лайық.

д

 

Есімің кім, нәресте?

Операциядан кейін жансақтау бөлі­­міне жеткізілген науқас бірнеше сағаттан кейін оянды. Аяқ-қолы қозғалысқа келді. Кү­дік, күмәннің бұлты ыдырап үміт шоғы маз­дай түсті. Енді аз күнде ана мен бала қауы­шады. Қандай ерекше сәт!

Арада екі күн ұзағанда Ұлттық ней­ро­хирургия орталығына қайыра бар­дық. Мақсатымыз – батыр ананың жақын­дарымен тілдесу. Өрекпіген көңіл­дерін орнына түсіріп, операция­ның сәтті өткенін айту. Ағасы Руслан Ахмедов Шымкент қаласынан келіп, қарын­дасының тілеуін тілеп жүр. Аталары ке­зінде Грузия­ның Месхети аймағынан Шымкент қаласына көшірілген ахыска түріктері екен.

«Әкем колхоздың шопыры болды, анам бағбаншылықпен шұғылданып, шалғы тартып, кетпен шапты. Өзіміз қазақ мектебінде оқыдық. Үйде бес ағайын­­дымыз, кенжеміз осы Дилфуза қа­рындасым. Дилфуза бала күнінен тома­ға-тұйық, өз ісіне мығым, байсалды болып бойжетті. Ұзатылып, құдай қос­қан жарымен шаңырақ көтерді. Өмір­ге төрт қыз әкелді. Олар да інілерін қат­ты сағынып күтіп жүр. Әкем мен шешем қарындасыма операция жасайтын күннің таңында ауыз бекітіп, Алладан медет тілеп дұғасын оқыды. Бауырларым да қатты уайымдады. Бірақ мен бәріне бірден ескерттім. «Операция сәтті аяқталып, дәрігер нейрохирургпен сөйлескен соң өзім қоңырау шаламын. Оған дейін мазаламаңыздар», дедім. О баста бес сағат мөлшерінде жасалады деп еді. Алты сағаттан асқанда уайымымыз күшейді. Сабырмен күттік, бәрі оңтайлы болды. Қарындасым мен жиенімнің өмірі үшін бар біліктілігін салып, орасан жауапкершілікпен операция жасаған дәрігерлер қауымына зор алғыс айтамын. Жиеніміздің есімін дәрігер нейрохирургтің құрметіне Мұратбек қойсақ деген ұсыныс айттым. Құдаларымыздың өздері де немере­сіне ат қоюға ақылдасып жатыр», деді Р.Ахмедов.

Бес баланың әкесі атанған Ханалы Сүлейменов те толқып жүр. Екінші қызы Айдана мен аса күрделі операциямен өмір­ге келген ұлының туған күні бір­дей болмақ – екеуі де 8 қаңтарда дүниеге келді.

«Келіншегім балабақшада дәрігер болып қызмет етеді. Басында ісік пай­да болғанын бертінде аңғардық. Өйт­кені қимыл-қозғалысы баяулап, көру қабілеті де кеми бастады. Дер кезін­де көмек көрсетіп, шұғыл операция жаса­ған дәрігерлерге мың алғыс», деді Х.Сүлейменов.

Астанаға тұңғыш рет келген Ханалы Жолшыбекұлына бірер жылдан кейін отбасымен қыдырып келуге жазсын деген тілегімізді айтып аттандық. Тұ­ран даң­ғылымен бойлап, Ана мен бала ор­талығынан өтіп келеміз. Аз күнде өмір­дегі ең қымбат жанды асыға күтіп жатқан нәрестенің іңгәлаған үні есті­летіндей.

Соңғы жаңалықтар

Қазақ кітаптары – Үндістанда

Руханият • Бүгін, 08:45

Оралхан арманы орындалып келеді

Руханият • Бүгін, 08:43

Желіде жарысқан мұғалімдер

Білім • Бүгін, 08:37

Жәрдемақы мөлшері артты

Қоғам • Бүгін, 08:35

Сан бар, сапа қандай?

Білім • Бүгін, 08:33

Білім ошағы ашылды

Білім • Бүгін, 08:28

Өркендеудің қозғаушы күші

Жастар • Бүгін, 08:17

Ашық ой, айқын ұстаным

Пікір • Бүгін, 08:15