Жаңғырту жұмыстары барысында шатырлардағы тозығы жеткен ескі жабындылар толық алынып, құрылыс талаптарына сай тегістеу жұмыстары жүргізілді. Қоқыстар шығарылып, қара қағаз төселді. Жаңартылған суағар жүйелері орнатылып, жауын-шашынға қарсы қорғаныс күшейтілді.
Ең бастысы, құны 1 млрд теңге көлеміндегі жоба университет бюджетіне салмақ салмай, инвестордың қолдауымен жүзеге асырылды.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша университеттің электр энергиясын тұтыну көлемі 9,17 млн кВт/сағ-ты құраған. Ал қуаты 994 кВт болатын 1 390 күн панелі жылына 3,39 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл да өз кезегінде ҚазҰУ-дың энергияға қажеттілігінің 35%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 20 мың шаршы метр аумақты алып жатқан күн панельдерінің арқасында университет жыл сайын 111 млн теңгеден астам қаражатты үнемдейді. Қазір экономика және бизнес жоғары мектебі, журналистика, заң, тарих, география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология, медицина және денсаулық сақтау, филология факультеттерінің ғимараттарын, сонымен бірге бірқатар студент үйін күн панельдерімен жабдықтау аяқталды.
Мамандардың айтуынша, жабдықтардың қызмет ету мерзімі ескерілген жағдайда, өтелу кезеңінен кейінгі 20 жылда жобаның жалпы экономикалық тиімділігі 2 млрд теңгеден асады. Бұл жобаның ұзақмерзімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді екенін көрсетеді.
Жыл сайын университет базасында ғылыми орталықтар, зертханалар қарқынмен ашылып жатыр. 2030 жылға қарай ҚазҰУ-дың электр энергияға деген сұранысы екі есеге артып, 18 млн кВт/сағ-тан асады деп болжанған. Осы тұрғыда күн панельдері арқылы оқу ордасының электр энергиясына қажеттілігінің бір бөлігі баламалы көздер арқылы қамтамасыз етілмек.
Бұл студенттер мен қызметкерлерге тұрақты, экологиялық таза энергияны пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ университеттің инновациялық имиджін нығайтады. Жоспарға сәйкес болашақта ҚазҰУ қалашығындағы барлық факультет пен жатақхана күн панельдерімен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.