Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Талғат Назаров 9 қаңтарда күндізгі сағат 13:30 шамасында Атырау қаласының Көкарна шағын ауданындағы үйден шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені туралы дерек шықпай тұр.
«Жоғалған ер адамды жедел іздестіру жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Криминалды полиция бөліністерінің мәліметіне сәйкес ер адамның соңғы жүрген ізі Жайық өзенінің маңынан анықталды. Өзенге таяу маңнан із-түзсіз жоғалған адамның жеке заттары табылды. Соған байланысты оны Жайық өзенінен іздеуге төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен құралдары тартылды», деп хабардар етті департаменттің баспасөз қызметі.
Туыстарының айтуынша, хабар-ошарсыз кеткен Талғат Назаров Мақат ауданының Доссор кентінде тұрған. Ол Атырау қаласына дәрігердің қабылдауына жүгіну үшін келген.
Бұдан бұрын Атырауда із-түзсіз жоғалған ер адам іздестіріліп жатқанын жазған едік.
Еске салайық, Атырау облысында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Кейінірек, жоғалған отбасының қызы мен баласын сүңгуірлер іздеп, таба алмағаны хабарланды.
Атырау облысындағы Жангелдин ауылының тұрғындарын өлтіру дерегі бойынша күдіктіге, жәбірленуші отбасының 30 жастағы қызына халықаралық іздеу жарияланды.