Сурет: inbusiness.kz
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың хабарлауынша, биыл егістік алқаптарының жалпы көлемі 23,8 млн гектарды құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Егісті әртараптандыру стратегиясы аясында дәнді дақылдар алқаптары қысқартылып, 15,9 млн гектар болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 112,4 мың гектарға аз.
Бұған қоса жоғары маржиналды әрі қайта өңдеуде сұранысқа ие дақылдардың егістік алқаптары ұлғайтылып жатыр. Мәселен, майлы дақылдар 55,2 мың гектарға артып, 4,045 млн гектарды құрайды, арпа – 93,8 мың гектарға (2,4 млн гектар), жүгері – 42,9 мың гектарға (217,5 мың гектар), мал азықтық дақылдар 37,4 мың гектарға (3,1 млн гектар) ұлғаяды.
«Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша «Fufeng Group» компаниясының тік интеграцияланған жаңа индустриялық паркін шикізатпен қамтамасыз етуге жүгері егістігін едәуір арттыру қажет. Биыл алғашқы кезеңді іске қосу барысында зауытқа 500–700 мың тонна жүгері қажет болады, ал кейін бұл көлем 1 млн тоннаға жетеді. Мал азықтық дақылдар алқаптарының ұлғаюы биыл мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарламаның басталуымен байланысты болады», деді А.Сұлтанов.
Жаңа вегетациялық кезеңге дайындық пен елдің оңтүстік өңірлерінде егістік көлемінің болжамды ұлғаюы аясында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының фермерлерімен кездесулер өткізілді. Суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, оның орнына су сыйымдылығы төмен әрі терең өңдеудің жаңа өндірістерінде сұранысқа ие дақылдарға көшу нұсқалары талқыланды. Атап айтқанда, Қызылорда облысында күріш егістігін 8,5 мың гектарға, Түркістан облысында 7,4 мың гектарға қысқарту мәселесі қарастырылып отыр. Мақта егістігінің болжамды көлемі 148,5 мың гектар болған жағдайда, тамшылатып суару қолданылатын алқаптар 15 мың гектарға ұлғаяды, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алқаптар 11 мың гектарға қысқартылады.
Табысты егіс науқанының негізгі құрамдас бөліктері – тыңайтқыштар, сапалы тұқым мен арзандатылған дизель отыны. Қажетті ресурстарды уақтылы сатып алуға Аграрлық несие корпорациясы өткен жылдың қазан айынан бастап фермерлерден жеңілдікпен несиелеуге өтінім қабылдауды бастады. Бүгінде өтінімдердің ең көбі Түркістан (28%), Ақмола (13%), Солтүстік Қазақстан (13%), Қостанай (11%), Қарағанды (6%) облыстарынан түсіп отыр.
Вице-премьер Энергетика министрлігіне шаруаларға арналған дизель отынының жеңілдікті бағасын қысқа мерзімде айқындау мен өңірлерді мұнай өңдеу зауыттарына бөлу кестесін бекітуді тапсырды. Дизель отынын жеткізу ақпан айында басталады.
Биылғы көктемгі егіске қажетті 2,3 млн тонна тұқымның ішінде 1,5 млн тонна жаздық дақылдар сараптамаға жеткізілді. Алдын ала тексеруден 1,3 млн тонна тұқым өткізілді, оның 98,1%-ы кондициялық деп танылды, яғни егу стандартының 1 және 2 сыныбына сәйкес келеді.