Пікір • Бүгін, 07:45

Заманмен үндес сұхбат

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президентінің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам бас­ты» атты сұхбаты ел дамуының қазіргі ахуалын ғана емес, оның ұзақмерзімді стратегиялық бағытын айқындайтын салмақты саяси-публицистикалық ой-толғау ретінде бағалануға тиіс. Президент бұл сұхбатта экономикалық өсім, әлеуметтік саясат, мемлекеттік басқару, рухани құндылықтар, тарихи сана және заманауи технологиялар мәселелерін біртұтас жүйеде қарастырады.

Заманмен үндес сұхбат

Сурет: kaz.inform.kz

Сұхбаттың негізгі өзегін Қазақ­станның сапалық жаңғыру ке­зеңіне өтуі туралы тұжырым құ­райды. Мем­­лекет басшысы қа­зіргі даму үде­рі­сін жекелеген көр­сет­кіштермен шек­­темей, құ­ры­лымдық өзгерістерге не­гіз­­дел­ген ұзақмерзімді жол ре­тін­­де сипаттайды. Президенттің айтуын­ша, экономикалық өсім ха­лық­­тың өмір сапасын арттыруға қыз­мет етуге тиіс. Осы тұрғыда инфляция, баға тұ­рақтылығы, халықтың сатып алу қабілеті мәселелеріне ерек­­ше назар аударылады. Бұл Мем­лекет бас­шысының әлеуметтік жауап­­кершілікке негізделген праг­ма­ти­калық ұстанымын айқын көр­се­­теді.

Сұхбатта ақпараттық саясат пен қоғамдық сана мәселесіне де айрықша мән беріледі. Мемлекет бас­шысы дәстүрлі баспасөздің қоғам­дағы рөлін жоғары баға­лап, сапалы, терең талдауға негіз­делген журналистиканың маңы­зын атап өтеді. Президент әлеу­мет­тік желі­лер­дегі үстірт әрі эмо­цияға құрылған ақпараттың көбей­ге­нін сынға алып, саналы қоғам қалып­тастыру үшін жауапты ақпа­рат кеңістігі қажет екенін айқын жет­кі­зеді.

Осы арнада Мемлекет басшысы тарихи сана мәселесіне арнайы тоқталады. Президент кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да төл тарихы қайшылыққа толы екенін атап өтіп, тарихи деректерді бұрмалау мен нақты құжаттармен дәлелденбеген тұлғаларды шамадан тыс ұлықтауды ақылға қон­байтын құбылыс ретінде баға­лайды. Кейінгі жылдары тарихты тал­­­қылаудың сәнге айналуы – ха­лық­­тың өткенге деген қызығу­шы­лығын көрсететін құптарлық үрдіс. Алайда Мемлекет басшысы бұл қызығу­шылықтың ғылыми дәлдік­пен және жауапкершілікпен ұштас­пай отырғанына алаңдау­шылық білдіреді. Ойдан шығарыл­­­ған деректер мен жалған батырларды дәріптеу қоғамды адастырып, тарихи ақи­қаттан алыстататыны қатаң ескер­тіледі.

Президенттің пайымынша, тарих қоғамды дауластыратын емес, керісінше, ұйыстыратын құн­ды­лық­қа айналуға тиіс. Бола­шаққа ұмтылған біртұтас ұлт ретінде біз өткенімізді жасандылықсыз, қаз-қалпында қабылдауға тиіспіз. Ақиқатқа негізделген тарихи таным ғана өткеннен тағылым алып, кемшіліктерді түзетуге және бола­шаққа сеніммен қадам басуға мүм­кіндік береді.

Осы тарихи-рухани ұстаным Мемлекет басшысының Абай Құнанбайұлы мұрасын жүйелі түрде дәріптеу саясатымен тіке­лей сабақтас. Президент Абай­ды қо­ғамдағы кемшіліктерді бүк­пе­сіз айтып, ұлтты «Толық адам» болуға бастайтын ойшыл ретінде бағалайды. Ұлы ақынның «Қара сөздері» еңбекқорлыққа, білімге, адамгершілікке үндейтін құнды­лық­тары бүгінде де өзек­ті­лігін жо­ғалт­қан жоқ. Мемлекет бас­шы­сы­ның пікірінше, мән-мағы­на­сыз пікір­таластар мен негізсіз сөздерден гөрі, Абай ілімі ұрпаққа нақты рухани бағдар береді.

Сұхбатта қозғалған тағы бір маңызды бағыт – заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мәселесі. Президент цифрлық даму мен технологиялық ілгерілеуді елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық фактор ретінде бағалай отырып, олар­дың адамгершілікпен және ұлт­тық құндылықтармен үйлесуі қа­жет­ті­гін атап өтеді. Бұл тұр­ғы­да Абай­дың «ақыл, қайрат, жүрек» қағи­дасы қазіргі заманға бейім­дел­ген рухани бағдар ретінде ұсы­ны­ла­ды.

Қорытындылай келе, Мем­лекет басшысының бұл сұхба­ты еліміздің жаңғыру жо­лын­­дағы кешенді көзқарасын айқын көр­сетеді. Президент эконо­ми­ка­лық өсімді әлеуметтік әділет­ті­лікпен, тарихи ақиқатты рухани жауап­кер­шілікпен, технологиялық дамуды адами құндылықтармен сабақ­­тас­тыра отырып, саналы әрі бә­секеге қабі­летті ұлт қалып­тас­тыруды басты мақ­сат ретінде бел­гі­лейді. Бұл сұхбат – елдің бола­шағына бағытталған парасатты, жүйелі және жауапты мем­ле­кеттік саясаттың айқын көрінісі.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик

Соңғы жаңалықтар