Пікір • Бүгін, 08:10

Елдік іске жауапкершілік керек

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы туралы ауқымды мәселелерді қозғады.

Елдік іске жауапкершілік керек

1990 жылдары депутат болып отырғанымда ауыл шаруа­шы­лы­ғының ішкі жалпы өнім­дегі үлесі 27-29% болатын, ал қазір 5%-ға дейін түсіп кетті. Алдағы уақыт­та аграрлық саласы дамы­ған елге айналғымыз келсе, бұл көр­сеткішті қайта 15-20%-ға де­йін көтеруіміз қажет.

Сондай-ақ сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруы­шы­лығы кооперативтері, жерді ұжым болып игеру туралы айтты. Бұл туралы заң 2016 жылы шықты, бірақ іске асырылуы әлі де әлсіз. Парламент тыңдау жасап, бұл заңнын орындалу барысын Үкіметтен, әкімдерден сұ­рауы керек. Осы мәселеге, әсіресе аудан әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары тікелей атсалысуы қажет. Себебі коопе­рация бізді алға қарай алып шығады. Бұл – әлемде тексерілген жол. Мысалы, Израильде Кибуц деген тиімді ұжымдық ауылшаруашылық тәжірибе әлемге белгілі.

Екінші, сыбайлас жемқор­лық­пен тек қауіпсіздік комитеті (негізгі функциясы ауқымды) ғана емес, барлық сала мен бүкіл қоғамдық ұйымдар, халық болып бірлесе отырып күресу қажеттілігін айтты. Осы жерде сұхбаттағы деректі айтсақ, мәселен зей­нетақы қо­рын­да­ғы 200 млрд-ға жуық қара­жатты заңды бұзып ме­ди­циналық ұйымдар арқы­лы шығаруы толғандырмай қой­майды.

Үшінші, салық реформасына байланысты Президент Үкімет ұсынған 20% қосылған құн салығын 16%-ға төмендету тура­лы тапсырма бергенін айтты. Салық реформасы енді басталды, сондықтан қан­дай нәтиже көрсетері әзірге бел­гі­сіз. Мен халық арасында кәсіп­керлермен сөйлескенімде кіші, орта кәсіпкерліктің салық ауырт­­па­лығына байланыс­ты қолма-қол төлемге бетбұруы белең алуы мүмкін екенін байқадым. Олай болса кіші, орта кәсіптен жалпы салық түсімі артудың орнына төмен­деуі ықтимал. Осыған аса мән беру керек деп ойлаймын. Нәти­жесі жартыжылдық есеп­ті­ліктен соң белгілі бола бас­тайды.

Төртінші, Президент энергетика саласына баса мән берді. Шынында, бұл – стратегиялық маңызды сала. Кейбір деректер бойынша энергия желісіндегі құрал-жабдықтардың, негізгі қорлардың тозуы – 70% шамасында. Бұл мәселеде қайта жаңғырту, модернизация, рекон­струк­ция­ға, күрделі жөн­деу­ге мән беру керек. Тарифтік саясатты да ха­лық­тың әл-ауқа­ты­на сай белгілеу де қажет.

Бесінші, бұл сұхбатта отан­шылдық, патриот­тық сезім, «Таза Қазақ­стан» мәсе­ле­­ле­рін көтеріп, мән беріп отыр. Біздің рухани-мәдени, тарихи құндылықтарымызды күшейтіп көтермесек қиындау болады. Шәкәрім: «Кімнің бо­йында мәдениет пен табиғат теңессе – сол қадірлі адам», дейді. Міне, қазір осы қадірлі адамдар қажет заман. Кадр саясатында жаңа үрдіс қажет.

Алтыншы, тағы да бір ма­ңызды мәселе, Президент жа­қын­да еліміздің ұзақмерзімді стратегиялық дамуы туралы айтамын деді. Бұл өте маңызды. Себебі біз алдағы 5, 10, 20 жылды көре білуіміз, оған нақты жоспарымыз болуы керек. Осы жерде бір идея айтсам, біз 5 жылдық бағдарламалар қабыл­дау­ға көшсек әрі оны жыл са­йын қадағаласақ, Президенттің Жолдауын осыған және страте­гия­ға байласақ, Үкімет әр жылғы жоспарына сәйкес есеп бере­тін­дей жасасақ, жауап­кершілікті, бақылауды күшейт­сек, нәтиже болады. Жетін­ші, бұл сұхбатта жасанды интел­­лектіге аса мән берілген. Осы­ған орай біз тек ұран емес, нақты іспен дәлелдеуіміз керек. Жалпыхалықтық идеология ретінде халыққа жасанды интеллектіні оқыту қажет.

Қорыта айтқанда, Президент сұхбатында айтылған мағызды мәселелерді тиімді іске асыра білсек, ұтарымыз көп.

 

Оразалы Сәбден,

Ұлттық құрылтай мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 

Соңғы жаңалықтар