Пікір • Бүгін, 07:40

Жаңғырудан – жаңаруға

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Turkistan» газетіндегі Мемлекет басшысының сұхбаты қоғамдағы аса өткір мәселелерге қозғау салды. Онда: «Әлеуметтік желі адамның ойлау ( танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп отыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», деп көрсетеді.

Жаңғырудан – жаңаруға

Шынында да бүгінде газет-журналдар мен әдеби-танымдық кітап­тарды оқымайтын, рухани құн­дылығы «жадау», ой-өрісі кем­­шін, виртуалды әлемде «өмір сүруді» ғана білетін, күнделікті өмір­дегі қиындықтарды шешуде дәр­мен­сіз­дік танытатын ұрпақтың өсіп келе жатқаны жасырын емес.

Сұхбатта Президент «Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент Ai-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады», деп, жасанды интеллектіні елімізде дамытудың бағыт-бағдарын мәлім­де­ді. Жасанды интеллект деге­німіз – адамның ақыл-ойының, сана­сының компьютерде бейнеленуі. Дегенмен «Саясатта бас бар, жүрек жоқ», деген қанатты сөзді жасанды интеллектіге қарай бұрар болсақ, адамдар арасындағы мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық сынды асыл қасиеттерден айырылып қалмағанымыз дұрыс.

Президент әскер тақырыбына қатысты ойын: «Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұза­қы­лыққа, рушылдыққа, жер­­­шіл­дікке орын жоқ, ондай жайттарға орын берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын», деп тұжырымдайды. Жас сар­баздар ант бергенде «Әскери қыз­меттің ауыртпалығы мен қиын­дығын табандылықпен көте­ремін», деген сөздерді айтады. Расында да, әскери өмірге бейім­дел­генше жас сарбаздарды қолдау да, қорғау да керек. Сондай-ақ «Өз армиясын асырай алмаған ел, өзге елдің армия­сын асырайды», деген тәмсіл сөзге сүйенсек, армияда темірдей тәртіп те болуы керек.

Президент сұхбатында отан­шыл­дық ұғымына ерекше мән береді. «Отаншылдық деген ұлы сезім жыл­тырақ сөзбен, жалған әрекетпен, бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көтермейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үн­демей жүріп үлкен іс тындырады. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз», деп түсінік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаттағы келісті ойлары, кесімді пікірлері, турашыл тұжы­рымдары мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне септігін тигізсе жарасымды болар еді.

 

Айдар Сабыров,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы

Соңғы жаңалықтар