Экономика • Кеше

Мұнай өндірісі ұлғайды

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің мұнай-газ саласындағы ең ірі оператордың бірі – «Теңізшевройл» ЖШС. Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнын игеріп жатқан компания өндіріске техникалық, цифрлық инновациялық шешімдерді кеңінен қолданып, энергетика саласындағы ілгерілеуге ықпал етіп отыр.

Мұнай өндірісі ұлғайды

Компанияның бас директоры Уильям Лакобидің айтуын­ша, кен орнынан 32 жылдан бері өндірілген мұнай көлемі еселеп артты. Мәселен, 1993 жылы 1 миллион тонна мұнай өндірілсе, былтыр бұл көрсеткіш 28 млн тоннаға жуықтады. «Теңіз» және «Королев» кен орындары әлемдегі ең күр­делі техникалық нысандар қатарында болғандықтан, акционерлер бірегей жаһандық технологиялық шешімдер мен салалық үздік тәжірибелер енгізіп келеді.

«Біз деректерді талдау мен жасанды интеллект сала­сын­дағы бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Бұл бағытта бірнеше мәселеге назар ауда­рып отырмыз. Бі­рін­шіден, алдын ала техни­калық қызмет көрсету, екін­шіден, тиімділікті арттыру, үшіншіден, күнделікті опе­рацияларды автоматтандыру, төртіншіден, логистика мен сатып алу үдерістерін интеллектуалды оңтайландыру секілді шешімдер қамтылды. Инновациялық технологиялар мен қауіпсіз әрі сенімді жұмысқа адалдықтың нәти­жесінде компания кейінгі он жыл ішінде зауыттардың орташа сенімділік көрсеткішін 98%-дан жоғары деңгейде ұстап тұр. Бұл ел экономикасына тұрақты табыс әкелуге мүм­кіндік берді», дейді У.Лакоби.

и

Бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің дерегіне қарағанда, «Теңізшевройл» 1993 жылдан бері елімізге 206 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей қаржы төлеген. Ал отандық жеткізушілерден сатып алынатын өнім көлемі ұлғайтылып, 71%-ға дейін жеткізіліп отыр.

«1993 жылдан бері ТШО жергілікті тауарлар мен қыз­меттерді сатып алуға 51,4 млрд АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Сатып алынатын тауарлардың географиясы тек Атырау облысымен шектелмейді. Еліміздің әр өңіріндегі экономикалық белсенділіктің артуына ықпал ету үшін тауарларды сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін тұрақты түрде арттырып келеміз. Биылғы 6 айда бұл көрсеткіш 9%-ға артты», дейді К.Сүйесінов.

Оның мәліметіне сүйен­сек, аталған компания Энер­гетика министрлігімен бірге «Тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі ел іші­лік құндылықты дамыту бағдарламасын» әзірледі. Атал­ған бағдарлама отандық қамту бойынша алдағы бес жылға арналған мақсатты айкындауда басты бағдар ретінде қолданылды.

«Былтырдан бері компания жергілікті 16 өндірушіні квалификациядан өткізіп, бекітілген өндірушілер тізі­міне енгізді. Бұл аталған кәсіпорындардың компания талаптары мен стандарттарына толық сәйкестігін растайды», дейді бас директордың орынбасары.

«Теңізшевройл» ЖШС-ның табысты серіктестерінің қатарында «PSI Energy» және «QMOZ» (Қарасай машина өндіру зауыты) бар. Бұл кәсіп­орындар алғашқы модульдік қосалқы стансаны сәтті дайындап шығарған. Ұзындығы 38 метр болатын бұл екі қабатты ғи­мараттар – ел аумағында са­лынған ең ірі модульдік қосалқы стансалар. Жобаны іске асыру кезінде 800 мың сағаттан астам жұмыс орындалыпты. Бір ерекшелігі, бұл кезеңде еңбекке жарамдылықты жо­ғалтуға әкелген бірде-бір жазатайым оқиға тіркелмеген. Әр модульдің салмағы 92 тоннаға дейін жетеді. Барлық модуль Қазақстан аума­ғында құрастырылып, кешенді сынақтардан өткізілді.

«Қара алтын» өндіретін ең ірі компания Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық (IMB) орталығымен ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл серіктес­тіктің нәтижесінде еліміздің үш ірі мұнай-газ операторы тарапынан 12 тауар санаты әзір­леніпті. ІMB орта­лығы осы санаттар бойын­ша отан­дық өндірушілерді бағалау, өндірістік әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді. Бірлескен жұ­мыстың нәтижесінде өткен жылы техникалық қыз­мет көр­сету, жөндеу, пайдалану, сондай-ақ қорғаныс материал­дарын жеткізуге арналған ұзақмерзімді келісімшарттар жасалған. Қазір бірнеше ілеспе меморандум мен келісім іске асырылып жатыр.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар