Фото: iStockphoto.com
Алматы облысында 5571 әскери бөлімінің оқу полигонында өткен оқу атыстары барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі аяғынан жеңіл оқ жарақатын алды. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
«2026 жылғы 13 қаңтар күні сағат 15:05 шамасында жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен оқу полигонында оқу атыстары өткізілді. Қауіпсіздік талаптарының бұзылуы нәтижесінде 2-2025 шақырылымының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі Г. АК-74 автоматынан сол жақ аяғын жанама атып алды. Оқиға орнында оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін шұғыл түрде Қонаев қалалық ауруханасына жеткізілді», делінген сәрсенбі күнгі хабарламада.
Берілген мәліметтерге сәйкес, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, дерек бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды.
Айта кетейік, 7 қаңтар күні Шымкентте мерзімді әскери қызметтегі сарбаз кенеттен жүрегі тоқтап, көз жұмған еді.