Өшпес даңқ • 14 Қаңтар, 2026

Әскерилер майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Бостандық ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Анатолий Поповты ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскерилер майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ғасыр жасаған қарт майдангер  көру, есту қабілеттері әлсірегенімен, қонақтарды жылы қабылдады. Ардагердің қызы әскерилерге алғыс айтты. 

«Әкемізге көрсетілген қамқорлық пен ерекше құрмет үшін әскери қызметшілерге шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бұл әкеміз үшін де, отбасымыз үшін де өте маңызды», деді Наталья Косолапова.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Анатолий Попов 1926 жылғы 13 қаңтарда Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында дүниеге келген. Соғыс жылдары әскери байланысшы мамандығын меңгеріп, 2-ші Прибалтика майданы құрамында шайқасқан. Рига түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Анатолий Назарович «Риганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Соғыстан соң ол Саратов әскери-медициналық училищесін бітіріп, Германияда әскери қызметін жалғастырған. Алматыға оралған соң зейнеткерлікке шыққанға дейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметте фельдшер болып еңбек еткен.

Алматыда әскери қызметшілер ардагер майдангерді құттықтады

Соңғы жаңалықтар