Қоғам • 15 Қаңтар, 2026

Сыртқы істер министрлігі Қара теңізде болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 қаңтарда Қара теңіз аумағында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге шабуыл жасалды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі аталған жағдайға қатысты мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыртқы істер министрлігі Қара теңізде болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

«Бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік», делінген мәлімдемеде.

Ресми өкіл Ерлан Жетібаев еліміз қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы болып табылмайтынын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізуді халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтті.

«Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз. Соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз», делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Қазақстан мұнайын тасымалдайтын екі кемеге шабуыл жасалғанын растаған еді.

Еске салайық, 29 қарашада Астана уақытымен 06:06-да Новороссийск порты ауданында КҚК-ның теңіз инфрақұрылым нысандарына экипажсыз жүзу құралдары арқылы шабуыл жасалған еді. Нәтижесінде теңіздегі қашықтағы айлақ қондырғысы ВПУ-2 (қалқымалы тиеу құрылғысы) айтарлықтай зақымдалды. Ермек Көшербаев КТК-ға жасалған шабуылды Украина тарапымен талқылады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КТК-ға толыққанды балама жоқ екенін, ал өзге бағыттар тек жүктің белгілі бір бөлігін ғана тасымалдай алатынын айтқан еді. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлеуметтік желілерде Каспий құбыр консорциумының терминалына жасалған шабуылды қолдаған азаматтарды жауапқа тартуды талап етті. 

Соңғы жаңалықтар

Ерлік пен тарих

Тағзым • Бүгін, 21:32

Қатар төріндегі қазақ рухы

Мәдениет • Бүгін, 19:12