Күрес • Кеше

Жеңіске бастар жол

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан күрес феде­рациясының президенті Еркін Оқасов Швейцарияда Біріккен күрес әлемі ұйы­мының (UWW) басшысы Ненад Лаловичпен кез­десті. Жоспарлы кез­десуде күресті дамыту, халықаралық серік­тестікті нығайту жайы талқыланды.

Жеңіске бастар жол

Келелі кездесуде UWW күнтізбесіндегі жарыстар қатарына елі­міздегі турнирлердің бірін қосу, бұқаралық спортты өркендетудің маңызды қадамдары талқыланды. Федерация басшысы Е.Оқасов алдағы уақытта тек спорттық нәтижеге емес, елімізді кү­рестің аймақтық дамуы­на сер­пін беретін, халықаралық іс-шараларды қабылдай алатын тұрақты орталыққа айналдыруға күш салатынын жеткізді. Осы бағыттағы бірқатар бастаманы атап өтті. Соның ішінде UWW-дің ресми күнтізбесіне қазақ жеріндегі халықаралық жарыстың бірін енгізу мәселесі қозғалды. Федерация президенті еліміздегі турнирлердің біріне рейтингтік мәртебе беру арқылы елімізге әлемнің үздік балуандарын тартуға, бәсеке деңгейін өсіруге әрі жарыстардың халықаралық тартымдылығын арттыруға болатынын атап өтті. Бұдан кейін спорттық ынтымақтастықты ғылым бағытында күшейту жайы да сөз болды. Біріккен күрес әлемі ұйымының басшысы Ненад Лалович Астана қаласында Күрес академиясының іргетасын қалау, сондай-ақ оны Орта Азиядағы халықаралық оқу-жаттығу хабына айналдыру жобасын қолдайтынын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесуінде халықаралық спорт ұйымдарымен әріптестікті күшейтуді, спорт­шыларымыздың бәсекеге қабі­леттілігін арттырып, әлемдік жарыстарды өзімізде өткізуге күш салуды тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында елімізге беделді халықаралық ұйымдардың басшылары ат басын бұрып, түрлі келіссөздер жүргізілді. Мәртебелі меймандардың қатарында Ненад Лалович те болды. Біріккен күрес әлемі ұйымының президенті Астанадағы спорт нысандарын аралап, инфрақұрылыммен танысты. Жаһандық додаларды өткізуге қаншалықты әлеуетіміз жететінін бағамдады.

Еркін Қадырғалиұлы күрес федерациясының президенті лауазымына былтыр желтоқсан айында тағайындалды. Зор жа­уапкершілік жүктелген ман­саптың салмағы ауыр. Балуандық өнер бабамыздан қанымызға тараған деп күпінгенімізбен, грек-рим, еркін, әйелдер күресінен тәуелсіздігімізді алған 35 жылдың ішінде Олимпиада чемпио­ны шыққан жоқ. Жақсылық Үш­кемпіров пен Шәміл Серіковтің 46 жыл бұрын Мәскеу жазғы Олимпиадасынан олжалаған алтын медалін әлі медет тұтып келеміз. Сондықтан арқалар жүк әлі де зілмауыр.

Спорт түрлерінің қаншалықты өркендегеніне өлшем болар алаң – әлем чемпионаты мен Олимпия ойындары. Өкініштісі, біздің елдің балуандарына төрт жылда айналып келетін Олимпиаданың алтыны асу бермес асқарға айналып тұр. Федерация тізгінін ұстаған жаңа басшылық осы олқылықты бүтіндей алса – үміттің ақталғаны. Халықтың күтері де, жанкүйердің талабы да осы.

Соңғы жаңалықтар