«Еңлік – Кебек» трагедиясы – қазақ кәсіби театрының шежіресінде айрықша орны бар туынды. Спектакль тарихы 1917 жылы Ойқұдық жайлауындағы қойылымынан басталып, 1926 жылы Қызылорда қаласында шаңырақ көтерген мемлекеттік ұлт театрының беделді қойылымдарының бірі ретінде тасқа басылды. Ғасырдан астам уақыт бойы көрерменін жоғалтпаған шығарма махаббат пен адалдықты, адамгершілік пен ар-ожданды арқау етіп, ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеп келеді.
Мерейтойлық қойылымда классикалық туындының идеялық салмағы мен көркемдік қуаты заманауи сахналық шешімдермен астасып, көрерменге айрықша әсер сыйлады. Трагедиялық махаббат хикаясы арқылы қоғамдағы қатыгездік пен әділетсіздік, жеке тұлғаның еркіндігі мен салт-дәстүр тартысы көркем түрде бейнеленді. Спектакль әр буын көрерменіне ой салып, жүрекке жол таба білді.
Сонымен қатар атаулы кештің маңызды бөлігі ретінде театр музейі ұйымдастырған «Ұлттық театр және «Еңлік – Кебек» қойылымы» атты арнайы экспозиция көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қазақ кәсіби театрының алғашқы қадамдарын айғақтайтын сирек фотосуреттер, сахна костюмдері, режиссерлік жазбалар, архивтік құжаттар мен тарихи деректер қамтылды. Бұл жәдігерлер көрерменді ХХ ғасыр басындағы шығармашылық ортаға жетелеп, театр өнерінің қалай қалыптасып, кемелденгенін көз алдына әкелді.
Айта кетерлігі, «Еңлік – Кебек» трагедиясы әр кезеңде түрлі режиссерлік интерпретациямен сахналанып, ұлттық сахнада үздіксіз жаңғырып келеді. Ол – қазақ театрының көркемдік ізденістерін, эстетикалық эволюциясын айқындайтын айрықша өлшем. Сондықтан тарихы сонау Ойқұдық жайлауынан басталып, кәсіби қазақ театры төрінде қайта жанданған бұл қойылымның өнер ордасының 100 жылдық мерейтойында қайта ұсынылуы – тарихи заңдылық әрі рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Ғасырлық тарихты еншілеген М.Әуезов театры мерейтойлық маусым арқылы өткенге құрмет пен бүгінгі шығармашылық биікті ұштастыра отырып, осылайша ұлттық өнердің болашағына нық қадам жасады. Ал «Еңлік – Кебек» сол ұлы жолдың іргелі мұрасы әрі мәңгілік рәмізі ретінде қазақ сахнасының төрінен өз орнын тағы бір мәрте айқын көрсетті.