Ғылым • 16 Қаңтар, 2026

ҚазҰУ-да Ұшқышсыз авиация орталығы ашылды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ашылды, деп жазады Egemen.kz.

ҚазҰУ-да Ұшқышсыз авиация орталығы ашылды

«Aerial Solutions» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық аясында ашылған ғылыми-инновациялық орталықта отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының модельдерін әзірлеу, оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ полигонын құру, сондай-ақ дуалды білім беру және сертификаттау бағдарламаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Орталықтың ашылуына ҚазҰУ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, «Aerial Solutions» ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова, Қорғаныс министрлігінің Ұшқышсыз ұшу жүйелерін дамыту және қолдану департаментінің басшысы Иса Теймуразұлы, Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштері қолбасшылығының бас орталығының басшысы Сәкен Рүстемов, Ұлттық қауіпсіздік академиясының кафедра меңгерушісі Артур Имашев, Қазақстан авиация әкімшілігінің Лицензиялау департаментінің директоры Әділжан Сұлтанов, белігілі ғалымдар, оқытушы-профессорлық құрам қатысты.

Жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, орталықтың іске қосылуы Қазақстанның технологиялық дамуы үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.

Қазақстанда ұшқышсыз авиация экожүйесін дамытудың келешегі қандай?

− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында «Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз бен егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға тікелей байланысты. Әр маман цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында тиімді қолдана білуі қажет» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ үш жыл ішінде елімізді толық цифрландыруға байланысты стратегиялық мақсат қойды. Осы міндетті жүзеге асыруда ғылыми қауымдастық пен бірлестіктерге зор жауапкершілік жүктелді. ҚазҰУ-да Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ашылуы ауқымды ғылыми жобаларды іске асыруға, заманауи дрондарды жасап, құрастыруға, білікті мамандарды даярлауға және студенттердің тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік береді. Мұнда жасалған дрондар экономиканың түрлі саласында тиімді қолданылатын болады. Бірлескен орталық өндіріс пен университет арасындағы маңызды серіктестіктің нақты нәтижесін көрсетеді. Жобаның іске асуы еліміздегі цифрлық инфрақұрылымның дамуына, азаматтық ұшқышсыз авиация саласындағы мемлекеттік стратегияны жүзеге асыруға елеулі серпін береді, – деді ректор.

 «Aerial Solutions» ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова ҚазҰУ базасында ашылған Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ғылымды, білім беруді және заманауи ұшқышсыз технологияларды біріктіріп, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандар даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айтуынша, университеттегі академиялық база сапалы тәжірибелік білімді қамтамасыз етіп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрлық мониторинг салаларының дамуына ықпал етпек. Орталық жас мамандарға ашылған жаңа мүмкіндік, еліміздегі авиациялық жобаларды әлемдік деңгейге шығаруға ықпал ететін болады.

Қорғаныс министрлігінің Әуе қорғаныс күштері бас басқармасының жетекшісі Сәкен Рүстемов ұлттық университетпен бұл саладағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, еліміздегі әуе қозғалысы саласының дамуына елеулі үлес қосатын инновациялық жобалардың дамуы ұшқышсыз авиация саласының жаңа деңгейге көтерілуіне оң ықпал ететіндігін атап өтті.

 «Aerial Solutions» компаниясы  авиациялық оқу орталығының басшысы Мәулен Мұстафаев мұнда заманауи кадрлар даярланатынын атап өтті. Айтуынша, орталық базасында азаматтық және мемлекеттік авиация саласына мамандар даярлауда қысқа курстар өтеді. Оның барысында инженерлер, құрастырушылар біліктілігін арттырып,  ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысады. Мұнымен қоса ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, биыл жаңа оқу жылынан бастап жоғары білімді кадрлар даярланбақ.. Бакалаврда оқитын мамандар ұшқышсыз технологияларды құрастыру, басқару бағытында білім алады. Орталықтың ашылуы әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздар үшін үлкен мүмкіндік. Олар отан алдындағы борышын 1 жыл өтегеннен кейін 2 жыл жаңа оқу жылынан бастап осы бағытта білім алады. Осы орайда «Сарбаз+» жобасы аясында ынтымақтастық көзделіп отыр. Инновациялық  орталықта дрондар мен сервистерді ішкі және халықаралық нарыққа шығару, инновациялық стартаптарды қолдау, коммерцияландыру іске асатын болады.

Бүгінде ҚазҰУ аумағында 2 мың шаршы метр аумақта дрон құрастыру өндірісі орналасқан. Аз уақытта білікті инженерлер еліміздегі дрон өндірісін қолға алып, қорғаныс саласы, ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын болады.

 Колледжде «Ұшқышсыз ұшу аппараттары» құзыреттілік орталығы ашылды

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар