Бұл құбыр Грекия мен Түркия шекарасынан басталып, Грекия мен Албания аумағы арқылы өтіп, Италияның оңтүстігіне жетеді. Одан әрі газ Австрия мен Германияға тасымалданады.
Socar компаниясының мәліметінше, Италия арқылы Австрия мен Германияға жеткізілімдер Әзербайжан газының Еуропадағы экспорт географиясын кеңейтеді. Осылайша, Әзербайжан газын импорттайтын елдердің саны 16-ға жетті.
Еуропа елдері Ресейдің Украинаға қарулы басқыншылығынан кейін ресейлік газға тәуелділікті азайтуға ұмтылды. Соның нәтижесінде Әзербайжан газына сұраныс артты. 2025 жылдың маусым айында Socar Германияның Sefe энергетикалық холдингімен он жылдық келісімге қол қойды. Келісім бойынша жылына 1,5 миллиард текше метр газ жеткізіледі.
Sefe бұған дейін Gazprom Germania деп аталған. 2022 жылғы энергетикалық дағдарыс кезінде Германия үкіметі компанияны банкроттан құтқарып қалған болатын.
Socar дерегіне сүйенсек, Австрияға жылына 1 миллиард текше метрге дейін газ жеткізу мүмкіндігі бар. 2025 жылы Әзербайжанның Еуропаға газ экспорты жалпы көлемде 12,8 миллиард текше метрді құрады. Алдағы уақытта жеткізілімді арттыру инвестицияларға және газ құбырлары инфрақұрылымының өткізу қабілетін кеңейтуге байланысты болмақ.