Фото: Douche Wellе
Наразылық АҚШ президенті Дональд Трамптың жұма күні жасаған мәлімдемесінен кейін ұйымдастырылды. Трамп АҚШ-тың Гренландияны бақылауға алу жоспарына қарсы шығатын елдер «тауарларына баж салығын енгізуі мүмкін» екенін ескерткен.
Айта кетейік, бұл жаппай акция АҚШ Конгресінің екі партиядан құралған делегациясының Копенгагенге сапарымен тұспа-тұс келді. Делегация өкілдері Трамп әкімшілігінің Гренландияға қатысты қатаң мәлімдемелерімен көптеген америкалықтар келіспейтінін жеткізген.
Копенгагендегі шеруде наразылық білдірушілер Дания мен Гренландияның жалауларын желбіретіп, әкімдік ғимараты алдында қызыл-ақ түстен құралған «теңіз» қалыптастырды. Олар инуит тіліндегі арал атауын айтып, «Калааллит Нунаат!» деп ұрандатқан.
«Мақсат – Гренландия демократиясына және негізгі адам құқықтарына құрмет көрсетуді талап ететін анық әрі біртұтас сигнал жіберу», делінген Даниядағы гренландиялықтардың Uagut қауымдастығының сайтында.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дәл осындай демонстрация Гренландия астанасы Нуукта да жоспарланған. Ол АҚШ-тың «Гренландияны бақылауға алу жөніндегі заңсыз жоспарына» қарсылық ретінде өтпек.