Еліміз транзит саласындағы артықшылықтарын сақтау үшін бірқатар бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Негізгі назар жүк тасымалының сапасына аударылған. Қытайдан Еуропаға жөнелтілген контейнерлер Қазақстан аумағы арқылы орта есеппен 13-15 күнде жетеді. Оның шамамен 4 күні ел аумағындағы транзитке тиесілі. Бұл көрсеткіш балама бағыттармен салыстырғанда бірнеше есе жылдам.
Сонымен қатар салада цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Қазіргі таңда тек тасымал бағытын ұсынумен шектелмей, кешенді логистикалық қызмет көрсетуге көшу көзделген. Осы бағытта Шығыс – Батыс дәлізі бойынша бірқатар логистикалық компания жұмыс істеп жатыр, ал Солтүстік – Оңтүстік бағыты бойынша серіктестермен келіссөздер жүргізілуде. Цифрлық шешімдерді енгізу арқылы рәсімдер жеңілдеп, адами фактор азайтылып келеді.
Халықаралық кооперация да транзитті дамытудағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Қазақстан көлік-логистика саласында әріптестікке басымдық береді. Дәліздер, хабтар, терминалдар мен мультимодальдық шешімдер елдің транзиттік мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ресми мәліметке сәйкес, көлік және логистика саласы халықаралық өзара іс-қимылдың маңызды бөлігіне айналып отыр.
«Осы тұрғыдан алғанда, «Орта дәліз» стратегиялық мәнге ие бағыт саналады. Қытай тарапы бұл бағытты дамытуда басты серіктестердің бірі болып отыр. Қазір Қытай іс жүзінде Орта дәліздің толық мүшесіне айналды деуге болады. Ресми келісімдерге сәйкес, Қытай 2029 жылға қарай бұл бағыт арқылы жылына 300 мың контейнер жөнелтуді жоспарлап отыр», дейді Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.
Дәлізді дамыту үшін елімізде инфрақұрылымдық жобалар атқарылды. Достық – Мойынты мен Алматы айналма теміржолдарының құрылысы аяқталды. Ақтау портында контейнерлік хаб салынды. Өткен жылы теңіз флоты үш кемемен толықты. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.
Бағыттың мәртебесін арттыру мақсатында Үкіметаралық келісім әзірленіп, оны биыл қабылдау жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, Орта дәліз бүгінде толыққанды көлік бағдарына айналды. 2028-2030 жылдарға қарай оның әлеуеті айтарлықтай арта түседі деп күтіледі.