Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Мемлекет басшысы көтеріп отырған «орташа табыс тұзағы» – табыстың белгілі бір деңгейіне жетіп, сол деңгейде қалып қоятын экономикалық жағдайдың сипаттамасы. Таратып айтқанда, біздің елде орташа табыс иелерінің ауқаттылар тобына өту үдерісі күрделі әрі ұзақ. Осындай «табыс тұзағында» жүрген экономикалық белсенді азамат зейнетке шыққанда табысы ортадан төмен деңгейге түседі деген болжам да жоқ емес.
Дүниежүзілік банк жариялаған World Development Report деректері бойынша 1990 жылдардан бері тек 34 ел ғана табыс деңгейі жоғары мемлекеттер санатына көшіпті.
Ал еліміз орташа табыс тұзағында қалып қоя ма деген мәселе сарапшыларды көптен бері толғандырып келеді. Олардың пікірі де сан қилы. Бірақ көбі бұл бағытты экономикалық құбылыс деп бағалайды.
«Halyk Finance» сарапшысы Санжар Қалдаровтың айтуынша, табыстың мұндай түрінің әсерін әлсірету әлеуметтік сәйкессіздіктерді қысқартудан басталады. Ол мемлекеттің бизнесті қолдау саясатын қайта қарау қажет деп санайды. Болашағы жоғары кәсіпорындарды қолдауға көбірек назар аударып, ірі жекеменшік компаниялардың өсуіне жағдай жасау керек. Бұл ретте мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету мен монополистердің қызметін бақылау маңызды. «Қазақстанның орнықты даму траекториясына шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін экономикалық саясаттың ағымдағы моделін жүйелеп, қайта қарау керек», дейді сарапшы.
«Halyk Finance» сарапшысының ойынша, «орташа табыс тұзағы» мен «ресурстық қарғыс тұзағы» терминін қатар қолданған дұрыс. Алғашқысында экономика өсімі кірістің орташа деңгейіне жеткеннен кейін тежеледі. Экономиканы әртараптандыру есебінен емес, табиғи ресурстардың арқасында ғана орташа табысты елдер қатарына енгеніміз рас. Ұлттық қорда жинақталған мұнай қаржысы ел дамуының экономикалық моделіндегі кемшіліктерді бүркемелеуге мүмкіндік бергенімен, әсері уақытша болды. Бұл ретте шикізат емес секторлардағы өсім әлсіз күйінде қалып отыр. Ғылым мен инновацияға салымдар ІЖӨ-нің 0,2%-на жетпейді. Ал ЭЫДҰ елдерінде ол 3% пайыздан жоғары.
«Экономикада мемлекеттің үлесі көп. Жеке сектордың дамуы әлсіз. Білім жүйесі мен еңбек нарығы арасында үйлесім жоқ. Дипломдар бар, сауатты мамандар аз. «Орташа табыстың тұзағын» жай ғана теориялық проблема емес, құрылымдық реформаларды талап ететін өткір сын-қатерлер ретінде қабылдаған жөн», дейді С.Қалдаров.
Сарапшының айтуынша, орташа табыс экономикада тереңдеп кеткен жоқ. Үміт бар. Дүниежүзілік банк табыс деңгейі орташа елдерге үш көрсеткішке мән беруді ескертіп жатыр: оның бірі – инвестициялар болса, екіншісі – инновация, үшіншісі – инклюзивтілікке бағдарлану.
Сарапшы Мағбат Спановтың айтуынша, цифрландыру мүмкiндiгiн тиiмдi пайдалана алатын елдер бәсекелестiк артықшылықтарға ие болып, дамыған экономика мәртебесiне көше алады. Осы стратегияны іске асыра алатын елдер өздерінің экономикалық дамуында сапалы серпіліс жасап, өз азаматтарының неғұрлым жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл мәселені тереңдетіп зерттеу үшін әңгімені мұнай тұзағынан бастау керек.
Нарық жағдайында зауыт, фабрикаларды мемлекет емес, бизнес салады, инновациялық жобаларды бизнес қаржыландырады. Үкімет бағаны реттеу арқылы нарықтық ортаға көбірек араласқан сайын бизнестің мүмкіндігі шектеліп, инвестицияның көлемі азая бастайды. Бұдан басқа, бәсекелестік әлсірейді. М.Спановтың пікірінше, мұның бәрі мемлекет пен бизнес арасындағы ойын ережесі дұрыс қалыптаспағанын көрсетеді. Ірі ойыншылар шағын компанияларды ығыстырып, олардың нарыққа кіруін шектейді. Сарапшының айтуынша, елімізге сырттан келген инвесторлар ғана емес, ұлттық инвесторлардың мүмкіндігіне де сенген абзал.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6%-дан асты, ІЖӨ алғаш рет 300 млрд АҚШ долларына жақындады, 33 жаңа зауыт іске қосылды, 150 өндірістік кәсіпорын қайта жаңғыртылды. Мұның барлығы экономиканың нақты өндірістік қуатын күшейтуге тиіс еді. Бірақ тәжірибеде олай болған жоқ. М.Спанов айтып өткендей, біз дүниежүзілік қаржы дағдарыстарының зардабымен күресіп жүргенде әлем өзгеріп үлгерді. «Енді баяу өсу тұзағынан шығу үшін бізге дамудың жаңа жаһандық үлгісіне тез арада ауысу керек. Енді жаһандық шикізаттық суперцикл аяқталады. Мұнайға деген сұраныс төмендеп, экономика жаңа жағдайларға бейімделіп жатыр», дейді сарапшы.
«Кез келген жағдайда реформаларды жүргізгені немесе жүргізбегені үшін жауапкершілік шешім қабылдайтындарға жүктеледі. Орта табыс тұзағынан құтылуға бағытталған кез келген шешімді стратегиялық бағыт ретінде қарастырған дұрыс», дейді М.Спанов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тығырықтан шығу үшін қосымша кіріс көздерін іздеу керектігін жиі айтады. Шикізаттан түсетін табыстың мүмкіндігі сарқылғандықтан, экономикалық өсім халықтың табысына әсер ете алмады.
«Мұндай «үдемелі» өсім ұзақмерзімді келешекте тұрақсыз. Ол борыштық тұзаққа әкелуі мүмкін, ал сауатты даму үшін экономиканың жинақтау құрылымын технологиялар мен шикізаттық емес экспортқа қарай жылжыту қажет. Мұндай табыстың кері әсерін технологиялық дамумен әлсіретуге болады. Технологиялық тәуелсіздікті қағаз жүзінде емес, нарықта таңбалау керек. Қазақстан экономикасы үшін инновацияларды дамыту мәселелері ең басты проблема болып қала береді», дейді М.Спанов.
Сарапшылар «орташа табыс тұзағы» үкім еместігін алға тартады. Ол – ұзақмерзімді келешекте жүйелі реформалардың өзіне сын көзбен қарауға үйрететін бағдар. Экономистер бизнесті мемлекеттік қолдау саясаты қайта қарауды қажет ететінін айтады. Даму келешегі бар кәсіпорындарды қолдауға назар аудару, ірі жеке компаниялардың өсуіне жағдай жасау алдыңғы қатарға шығуы керек. Бұл ретте мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету мен монополистердің қызметін бақылау маңызды.
АЛМАТЫ