Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Өңірде жұмыс істеп тұрған бірнеше мекеме жүздеген баланың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамға бейімделуіне үлес қосып отыр. Соның ішінде атап айтатыны – атқа міну арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуды жүзеге асыратын Иппотерапия орталығы.
«Мұндағы оңалту орталықтарының ерекшелігі – дәстүрлі емдеу тәсілдерімен қатар инновациялық бағыттардың енгізілуі. Соның бірі – иппотерапия, яғни жылқы көмегімен емдеу әдісі. Бұл тәсіл балалардың бұлшық еттерін нығайтып қана қоймай, олардың эмоциялық жай-күйіне де оң әсер етеді. Иппотерапия сабақтары әсіресе тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар, психоэмоциялық тұрақсыздық байқалатын балаларға өте тиімді. Жылқымен жұмыс істеу барысында баланың сенімі артып, қорқынышы азаяды. Бірнеше айдың ішінде қозғалыс белсенділігі жақсарып, эмоциялық байланыс орнай бастайды», дейді «Мерей» балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары Ардақ Бақытқызы.
Иппотерапия орталығы «Мерей» балаларды оңалту орталығының базасында ашылған. «Мерей» орталығына облыс әкімінің Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы бұрынғы резиденциясы арнайы бейімделіп беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған еді. Иппотерапиядан басқа орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар сегіз бағытта сауықтыру емін алады, мұнда 55 адам жұмыс істейді. Қазірде мекемеде 40 бала оңалту шараларын қабылдап жатыр.

Соның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған, жүйке жүйесінің жұмысында жеңіл ауытқуы бар балалар да бар. Оларға бассейн, физиотерапия, емдік денешынықтыру, массаж, гидромассаж кабинеттері, емдеу кабинеті, тұз шахтасы, еңбек терапиясы кабинеті қарастырылған. Мекеменің балаларды тасымалдауға арналған автобусы да бар. Бұл нысан көптеген отбасы үшін үлкен тірекке айналды. Мамандардың кәсіби еңбегі мен ата-аналардың сенімі тоғысқан осындай орталықтар балалардың болашағына жол ашып, олардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді. Оны иппотерапия сабақтарына қатысатын Хадиджаның анасының аузынан естідік.
«Қызым 6 жаста, Даун синдромы бар. «Мерей» орталығына бірнеше жыл бойы бардық, онда иппотерапия сабақтары өткізіле бастағанда қатты қуандық. Сабақтан кейін балам жағымды эмоцияларын білдіріп, өзін бақытты сезінеді. Жылқымен байланыс балаға физикалық жағынан ғана емес, эмоционалды тұрғыда да пайдалы. Алғашқы сабақтардан бастап-ақ қызымның көңіл-күйі жақсарып, сабырлы бола түскенін, бойында сенімділік пайда болып, қызығушылық таныта бастағанын байқадым. Бар ықылас-пейілдерімен жұмыс істейтін мамандарға шын жүректен алғысымды білдіремін», дейді Ажарбуви Имерова.
Бүгінде «Мерей» орталығында 40 бала болса, соның 33-і иппотерапия сабақтарына қатысады. Бір жыл ішінде 7 баланың жағдайы жақсарғаны байқалған, яғни үш баланың психоэмоциялық көңіл күйі тұрақталып, төрт баланың тірек-қимыл жүйесінің жұмысы жақсарыпты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жылқының балаларға беретін жақсы энергиясы көп. Балаларды оңалтумен арнайы дайындықтан өткен екі жаттықтырушы айналысады. Дәрігердің ұсыныстарына қарай сабақтар аптасына 2-3 рет ауданы 400 шаршы метр болатын арнайы салынған жабық аренада өткізіледі. Иппотерапия аяққа тұруға, жүруді жақсартуға көмектеседі, арқа бұлшық еттерін күшейтеді, вестибулярлық аппаратты жаттықтырады, жалпы денсаулықты жақсартумен қатар, баланың дамуына оң әсер етеді.
Ең бастысы, балаларға көрсетілген көмектің нақты нәтижесін күнделікті өмірде ата-аналар сезініп отыр. Орталыққа баласын әкелетін ата-аналар оң өзгерістерді жасырмай айтады. Тағы бір ем алушы Мадиярдың анасы да орталық жұмысына риза. Оның орталықтан ем алып жүргеніне екі жылдан астам уақыт болған.
«Иппотерапия бізге көп көмектесті. Мадияр атқа мінуді ұнатады, көңіл күйі бірден жақсарады. Иппотерапияға дейін Мадиярдың аяқ-қолы әлсіз болды, тепе-теңдігін ұстай алмайтын. Қазір аяқ-қолдарының бұлшық еттері нығайды, аяғын баса алатын болды», дейді Мақпал Өскенбаева.
Мұндай орталықтардың дамуы – қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі. Ерекше балаларға қолайлы орта қалыптастыру арқылы өңірде инклюзивті қоғам құруға нақты қадам жасалып отыр.
Жетісу облысы