Таныстырылым барысында музей залдарына экскурсия жүргізілді. Жаңаланған музей экспозицияларына архивтік деректер, облыстық музей қорындағы құжаттар, фотосуреттер мен тарихи, мәдени, археологиялық экспонаттар қосылып, жалпы музей залдары 60 пайыз жаңа экспонаттармен толықты. Жөндеу жұмыстары аясында музей ғимаратының қасбеті жаңартылды, аумағы абаттандырылды. Жасанды интеллект технологиясының көмегімен жаңа экспозициялық залдар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Музейдің конференц-залы да заманауи үлгіде қайта жабдықталды.
«Дәуірлер тоғысындағы Ұлытау» деп аталатын бірінші залда Ұлытау облысы өңірінің тарихи, табиғи даму кезеңдерінен бастап түрлі мәдениетке дейінгі экспозицияларды қамтиды. Палеонтология бөлімінде Алып мүйізтұмсықтың реконструкциясы, жерасты пештің мильтимедиялық диорамасы көрсетілген. Екінші зал – «Ұлытау ғасырлар шежіресі». Ол Ұлытаудың дала өркениеті мен қазақ мемлекетінің тарихи өзегі болғандығын айғақтайтын экспозициядан құралған. Талмас ата кесенесінен табылған ер адамның гиперреалистік мүсіні, «Бұланты шайқасы» мультимедиялық диорамасы қойылған. Бұл залда сақтар кезеңінен ХIX ғасырдың археологиялық құнды жәдігерлермен тарихи сабақтастық көрсетілген. Үшінші залға XX ғасырдағы қоғамдық − саяси тарих арқау болған. Алаш зиялылары, Степлаг, Екінші дүниежүзілік соғыс, ауылшаруашылықтың дамуы көрсетілген.
Төртінші «Қазыналы өлке тарихы» залы. Өлке өндірісінің дамуы, алғашқы геологтар, Қ.Сәтбаевтың голограммасы, Жезқазған қаласының тарихы, Ғарыш айлағы, Чернобыль, Ауған соғысы, Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлердің ерлік тарихы, Желтоқсан оқиғасы, «20-шы облыстың 20 елеулі оқиғасы» концепциясы негізінде Ұлытау облысының жетістіктері, халықаралық фестивальдері, рекордқа енген жергілікті азаматтар туралы фотосуреттер мен экспонаттар арқылы берілген. Мемлекет басшысының Ұлытау облысында туризм кластерін дамыту мақсатында облыс бойынша тоғыз туристік маршрут туроператорлар көрсетілген туристік картамен аяқталады.
«Облысымыздағы 48 жыл тарихы бар музейдің жаңа заманға сай жаңартылуы үлкен қуаныш. 27 жасымда музейге экскурсия жүргізуші болып келіп, 20 жылға жуық табан аудармай ғылыми қызметкерден музей басшысына дейінгі қызмет атқардым. Сондықтан музейдің әрбір қызметкері мен экспонаты мен үшін ыстық. Бүгінгі жаңғыртылған музейді аралау барысында маған музей залдарының кеңейіп, жәдігерлер сақтайтын қор сақтау қоймасының жаңартылуы, экспозиция залдарының тақырыптық тұжырымдамасында облыстың тарихы жан-жақты қамтылуы, музей қорындағы жәдігерлерге жан бітіріп, ұтымды пайдалануы ұнады. Білікті басшы Зағира Қалменова бастаған музейлік әріптестерімнің атқарған орасан зор еңбегіне алғыс білдіремін», дейді Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы музей ұжымына көшпелі іс-шараларды өткізуге зор мүмкіндік беретін газель автокөлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық құрылтайда Президент екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделетінін айтты.