Медицина • 20 Қаңтар, 2026

МӘМС жүйесіндегі олқылықтар: Қайтыс болған адам дәрігер қабылдауында болған

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Санаулы жылда денсаулық саласына тиетін қаражат көлемі екі есеге дейін ұлғайды. Осыдан кейін ел-жұрт медициналық көмектің қолжетімдігін шын сезінеді деп ойлағанымыз рас. Алайда, әлі күнге медициналық көмектің сапасы көңіл көншірлік деңгейде емес, деп жазады Egemen.kz.

МӘМС жүйесіндегі олқылықтар: Қайтыс болған адам дәрігер қабылдауында болған

Жағдайдан хабардар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көп күтпей, саладағы кемшіліктерді тізіп беріп, цифрландыруға басымдық беру керегін жауаптыларға шегелеп тапсырды. Соның ізімен медицинаға енген өзгерістерді тізбектеп, түгендеп шығудың өзі мүмкін еместей. Біз соның негізгілеріне ғана тоқталсақ, әуелі медициналық көмектің тиімділігін арттыруға септесетін Face ID жүйесі айтар едік. Жобаға сәйкес науқастар емханаға келгенде Face-ID, веб-камера көмегімен жеке басының сәйкестігін нақтылайды. Енді бұрынғыдай емханаға бармаған пациенттің атына жалған дерек толтыруға жол берілмейді. Сосын жедел медициналық жәрдем фельдшерлеріне арналған смарт бейнежетондарды енгізу жөніндегі қанатқақты жоба іске асты. Жаңа жобаның арқасында сала мамандарына жұмыс барысында әлдекім күтпеген шабуыл жасаса, жанжал шығарса, агрессия танытса, құқығын заңды түрде қорғауға мүмкіндік молайды. Ең негізгісі, дәрігерлердің құқығын қорғайтын заң мақұлданды. Нақты сандарды сөйлетсек, кейінгі бес жылда елімізде 300-ге жуық науқас дәрігерге күш көрсетіпті. Ақ желеңділердің құқығын қорғайтын заңның қабылдануына осындай деректер негіз болғаны түсінікті. Жалпы, салада осы күнге дейін іске асқан жұмыстардың көбі медицинаға бөлінген қаражаттың тиімділігін арттырумен байланысты болды десек жаңылмаймыз. Расында, цифрландырудың арқасында саладағы біраз заңсыздықтың жолы кесілді.

Міндетті медициналық сақтандыру қоры неге Қаржы министрлігіне берілді?

Жуырда Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Премьер-министр Олжас Бектенов былтыр желтоқсанда Қаржы министрлігіне бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін талдау туралы тапсырма берген еді. Енді, міне, соның нәтижесінен кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырды.

Тарқатып айтсақ, мәселе былай, Қаржы министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қатысты жүргізген талдауды жариялады. Сәйкесінше, бірқатар жүйелі заңбұзушылық анықталыпты. Мысалы, бірнеше емдеу мекемесі жалған пациенттерді тіркеумен айналысқан. Контингентте 1 мың тіркелсе, іс жүзінде медициналық қызметке 500-ге жуық адам барған. Бірақ төлем бүкіл контингентке жүргізілген. Сол секілді азаматтарға өздеріне тән емес медициналық қызметтерді көрсету, МӘМС пен жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыру қаражаты есебінен бірдей қызметтерді қосарлана қаржыландыру, қысқа мерзімде медициналық қызметтердің «әдеттен тыс» көп көлемін көрсету сынды мәселелер бар. Ол аздай қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсету, балаларға күніне мыңнан астам дәрі-дәрмектерді жазып беру сынды заңсыз әрекеттер анықталған. Мысалы, жекеменшік клиника бір күнде 1 442 пациент қабылдадық деп көрсетсе, іс жүзінде олар тәулігіне орта есеппен 24 адам ғана қабылдаған. Расында, шағын ұйымдар үшін бір күнде мыңдаған адамды қабылдау дегеніңіз іс жүзінде мүмкін де емес нәрсе. Тексеру барысында бас дәрігердің өзі бір айда 4 832 науқасты қабылдағанына қайран қалмасқа амал жоқ.

Қымбат медицина қолжетімді бола түсті

Сондай-ақ бір маман бір айда 1 713 емшара жасаған деген дерек те тіркеліпті. Сонда әлгі маман жекелеген күндері тәулігіне 300-400 тексеруді қалай жасағаны ақылға сыймайды. Жекеменшік клиникаларда қайтыс болған пациенттерге 996 медициналық қызмет көрсетілген. Дәл осындай 3 640 оқиға анықталған. Соның бірін ғана айтсақ, мысалы, 2023 жылы қайтыс болған адам 2025 жылы дәрігердің қабылдауында болған. Жекеменшік клиникалардың ақшаны жымқыру үшін жасаған алаяқтық әрекеттері мұнымен шектелмейді. Мысалы, 768 827 ер адам әйел жатыр мойны обырына скринингтен, 619 ер адамды маммограммадан өткен. Тек бір аудандық аурухананың өзінде осындай 11 123 жағдай анықталыпты. Фактілерді жалғай берсек таусылмайды. Қысқасы, осыдан кейін қордың қаржы ағындарын бақылау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілетін болды. Енді министрлік қаржыны негізсіз жұмсау жағын қатаң қадағалайды.

Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады

Соңғы жаңалықтар