Үкімет • 21 Қаңтар, 2026

Мемлекеттік тапсырысқа мораторий: Жекеменшік мектептердің қаржыландырылуы түбегейлі өзгереді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған тапсырмалары шеңберінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру мәселелері түбегейлі қайта қаралатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz

Мемлекеттік тапсырысқа мораторий: Жекеменшік мектептердің қаржыландырылуы түбегейлі өзгереді

Фото: egemen.kz/Ерлан Омар

Аида Балаева бүгінде білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алуды, негізгі процестерді автоматтандыруды және қаржы бөлу жүйесімен синхрондауды көздейтін жаңа тетік енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылды.

«Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр», деді Аида Балаева.

Вице-премьер білім саласына жекеменшік инвестицияны тарту үшін мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығынды өтеу механизмі сақталғанын айтты. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылау жүргізеді. Бақылау аясында білім беру сапасының сақталуына, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады.

Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады

Ал Денсаулық сақтау министрлігі Президент тапсырмасына сай халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық және көші-қон деректеріне сүйене отырып, медициналық көмекті жоспарлауға көшеді. Қаржыландыру көлемі ең тиімді мемлекеттік және сенімді жеке емханаларға бағытталады. Жалған есептің алдын алу үшін бірыңғай цифрлық бақылау енгізілмек. Төлемдер салыстырылып, барлық қаржыландыру көзінің мәліметтері біріктіріледі. Ем алушылармен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге сапаны бақылау күшейіп, лицензиялау талаптары қатаңдатылады.

Аталған шаралар қаржыландыру жүйесін әділ, ашық және тиімді етуге, сондай-ақ халықтың денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне берілді. Қазір Мемлекет басшысы тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес тексеру жүріп жатыр.

Күніне 150 жалған пациент: Елордалық клиника басшысы қор қаржысын қалай жымқырған?

Сонымен қатар жеке медицина және білім беру ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.

Соңғы жаңалықтар

Астана қаласының прокуроры ауысты

Тағайындау • Бүгін, 11:35