Сурет: freepik.com
Қазір Алматыда 51 базар, 200-ден астам супермаркет пен шамамен 4,5 мың осындай шағын сауда нүктесі жұмыс істейді. Үкіметтің пәрменімен мегаполисте бейінді басқармалар, сауда департаменті мен аудан әкімдіктерінің өкілдерінен тұратын арнаулы бақылау топтары құрылып, әрекет жасап отыр.
Ең бастысы, биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар, ең күнделікті қажетті азық-түліктің тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұған қосымша көкөніс пен жеміс (қызанақ, қияр, алма), еттің түрлері, сүт өнімдері, шай мен балықтың бес түрі енгізілді. Осы тізімдегі азық-түліктің барлығы бақылауға алынып, жеткізушілермен, сауда желілерімен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бақылау жұмыстары жөнінде айтсақ, биылғы 5 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілгенімен, Алматыда күнделікті ең қажетті тамақ түрлерінің күрт қымбаттауы тіркелмеген. Дегенмен сауда желілері негізінен тез өтетін тауарлардың бағасын қайта жаңартып жатқанымен, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы бірқалыпты деуге болады.
Азық-түліктің бағасын ұстап тұру мақсатында Алматы әкімдігі биылғы көктем айларында оңтүстік өңірлерден, сондай-ақ көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан қосымша ерте пісетін көкөніс әкелуді де жоспарлап отыр. Бұл баға теңгерімін сақтап, нарықты жеткілікті көлемде күнделікті қажетті көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру барысында көп жұмыс істеліп жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалада ӘМАТ-қа қатысты тұтыну бағаларының индексі 8,9% болды, бұл республикалық деңгеймен (8,6%) шамалас. Сол тұрғыда қаланың жергілікті атқарушы органдары сыртқы, ішкі факторларға қарамастан, азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты екенін алға тартып
отыр.
Мәселен, 2025 жылы Алматыда бағаның күрт өсуіне жол бермеуге бағытталған біраз жұмыс атқарылды. Негізгі құралдың бірі айналым қарыздары мен форвардтық келісімшарттар болды. Осы тетіктер аясында қалаға әр өңірдегі тауар өндірушілерден тікелей 26 мың тоннадан астам өнім жеткізілді.
Сонымен қатар үлкен сауда желісінің бірі – «Магнуммен» 15 атаудағы ӘМАТ-ты белгіленген бағамен сату жөнінде келісім жасалды. Олардың қатарына бакалея, сүт, ет пен көкөніс өнімдері кіреді. Қазір осы желі арқылы 10,4 мың тоннадан астам көкөніс пен 600 тоннадан астам өзге өнім сатылды.
Отандық өндірушілермен ынтымақтаса жұмыс істеуге көп көңіл бөлініп, олармен көкөніс, қант, жұмыртқа мен тауық етін Алматыдағы сауда желілері мен азық-түлік базарларының сөресіне тікелей жеткізуді көздейтін келісім жасалды. Бұл әрекеттер өз нәтижесін беріп, екі ортада пайда тауып келген делдалдар тізбегін қысқартып, бағаны бірқалыпты ұстауға мүмкіндік берді.
Баға саясатына демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер де елеулі үлес қосып жүргендіктен, ендігі жерде қала билігі жәрмеңкелерді үш күн қатарынан өткізуді ұйғарып отыр. Өткен жылы қалада 430 жәрмеңке өтіп, онда орташа қаладағы қалыпты бағадан 10–15% төмен бағамен 85 мың тоннадан астам өнім сатылды. Жәрмеңкелер қала тұрғындары арасында кәдімгідей сұранысқа ие болып, әлеуметтік қолдау ісіне септігін тигізіп келеді.
Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстарына тоқталатын болсақ, 2025 жылы ӘМАТ бойынша делдалдық жүйені тергеп-тексеру мен шекті сауда үстемесін (15%-дан аспауға тиіс) сақтау жөніндегі өңірлік комиссияның 26 отырысы өтті. Құзырлы мекемелер тексерістерінің нәтижесінде 535 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 47,1 млн теңге айыппұл салынып, жауапсыз 38 делдал тізімнен шығарылды.
Тақырыпқа орайлас мына бір бастамаға тоқтала кеткен жөн, ақпараттардың айғақты болуы үшін Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары қаладағы үлкен базарлар мен супермаркеттегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылап қайтқаны туралы хабар таратты.
«Алматыдағы азық-түліктің бағасын бақылап қайтқандағы көрген-түйгеніміз, қосымша құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілгеніне қарамастан, ең керекті тауарлардың бағасы өспеген. Нан, жұмыртқа, көкөніс, сүт өнімі, қант пен сұйық майдың бағасы сол қалпы. Базардағы сатушылар да азық-түліктің аса көп қымбаттамағанын алға тартып отыр», дейді ӨКҚ өкілдері.
Қала билігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылап, қадағалап отыр, оларды тұрақтандыру жұмысы жалғаса береді.
АЛМАТЫ