Сурет: freepik.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы субсидияланатын жұмыс орындарына 171,8 мың адам орналасқан. Әлеуметтік жұмыс орындарында 13,5 мың, жастар практикасында 30,6 мың, қоғамдық жұмыстарда 100,8 мың, «Күміс жас» жобасы аясында 19,4 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 7,1 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 335 адам жұмыспен қамтылды.
Азаматтардың әл-ауқатын нығайту мақсатымен, жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін халықтың әлеуметтік осал санатына жататын кәсіп ашушыларға 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 239 грант берілді. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқытумен 63,5 мың жұмыссыз қамтылса, оның 56,6 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 52 мың адам қамтылды, оның ішінде 29,3 мың адам кәсіпкерлікке баулитын курсты аяқтады.
Жұмыс берушілердің өтінішімен кәсіптік оқытуға 9 734 адам жіберіліп, оқуын аяқтаған 8 535 адамның 7 442-і жұмысқа орналасты. Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 387 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтеріне жүгінген.
Осылайша, былтыр 912,8 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде 181 мың, электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос жұмыс орындарына 254,1 мың, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 434 мың, орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалармен 43,7 мың адам жұмыспен қамтылды.