Қоғам • 22 Қаңтар, 2026

Екі дос

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ бард әншісі Қорабай Есенов былтыр «Парасат» орденімен марапатталғанда, бала кезден бергі досы, «Құрметті спорт қызметкері» Бейбіт Қасенов қатты қуан­ғанын білеміз.

Екі дос

Олар Жаңаарқа ауданы орта­лығындағы Сәкен Сейфул­лин атындағы орта мектепте бір сыныпта оқыған. Екеуі де домбыра үйірмесіне қатысады. 1965 жылы оқуды бірге бітірді. Екеуі де алғашқылардың бірі болып қолдарына гитара ұстады. Қорабай гитара тартуды тез үйренді, қоңыр даусы аспап үніне үйлесіп, тыңдаушыларын баурап алды. Жеті ішектен шыққан жеті дыбыс бір арнаға тоғысып, әдемі әуенмен үндестік тапқанда жүректі шымырлатып әкететін.

Қорабай алғаш рет институт сахнасында «Жас қалам», «Қоштасу» әндерін орындады. Ұстаздардың, студенттердің, қала халқының алдына шығып орындаған осы екі әні тыңдаушыларды жалт қаратты.

Досының алғашқы айтқан әні, сахнаға шыққан сәті Бейбіттің көз алдында. Сөзі анық, музыкалық ырғағы жеңіл сезілді. Әсіресе студенттер өлең шумақтарын жылдам жаттап алып, әнге қосылды.

«Кездессең ұрлана қараймын,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Сен үшін менде бар бір тілек»,

деп «Жас қалам» әнімен жастардың жүрегіне алау жақты. Енді бірде:

«Сүйе алмадық, кете алмадық, қимадық,

Неге біздер бір құшаққа симадық.

Екеумізде екі айырылған өзендей,

Махабатты басқа жанға сыйладық»,

деп «Қоштасу» әнін орындап, тыңдар­манын мұңайтып қоятын еді. Алғаш орындаған осы екі әнімен Қорабай елімізге танымал гитарашы, әнші атанды, елдің құрметіне бөленді.

1970 жылы екеуі де жоғары білімді маман болып шықты.

Қорекең қандай қызмет атқарып жүрсе де гитарасын қолынан тастамады. Талғампаз әнші мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған белгілі композитор Жағыпар Әлімхановтың «Сағыныш», «Жылжиды аққу» атты әндерін құлпырта шырқап, жұрт жүрегін жаулады.

Қорабай Әбікенұлының Шет ауданында мал өсірумен айналысатын қосалқы шаруашылығы болды. Ол жылдары Бейбіт Қасенов Карл Маркс кеңшарының (қазіргі Ералиев ауылдық округі) директоры қызметін атқарды.

1986 жылы Қорабай досы «шаруа­шы­лықты кеңейтемін, дамытамын, мал басын көбейтемін. Маған кеңшардың аймағынан мал азығын дайындайтын жер бөлдір, өзім шөп шауып тасып аламын. Орнына кең­шар тұрғындарына ұн, жем босатайын» деген ұсыныс жасайды. Екі дос келісіп, ша­руашылық жұмысын шыр айналдырады.

Қазір Қорабай Есенов Жаңаарқа аудан­дық «Асыл қазына» ансамблінің беделді мүшесі. Жылда Қарттар күніне орай қарияларға мәдени құрмет жасалады. Гитараға қосақтаған қоңыр даусымен концерттің көркін кіргізеді.

Әуесқой сазгер Бейбіт Байбосынұлы да көпшілік жиналған ортада өзінің шығарған әнін айтып, ыстық ықыласқа бөленіп жүр.

Екі дос өмір мен өнер айдынында қатар жылжып келеді.

 

Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар