Көрмеде қазақ халқының руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан алып тұлғалар – жыр алыбы Жамбыл Жабаев, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов, көрнекті композитор әрі ғалым Ахмет Жұбанов, сөз зергері Сайын Мұратбеков және басқа да біртуар азаматтардың мол мұрасы кеңінен таныстырылған.
Аталған көрме – ел тарихында айрықша орны бар, ұлттың рухани болмысы мен мәдени келбетін қалыптастыруға еңбек сіңірген біртуар азаматтарға деген тағзымның жарқын көрінісі. Экспозиция аясында 350-ден астам сирек кітаптар, ғылыми еңбектер, өмірбаяндық басылымдар мен мерзімді баспасөз материалдары, сондай-ақ 200-ге жуық электронды дереккөздер көпшілік назарына ұсынылған. Кітапхана оқырмандары мен қонақтары мерейтой иелерінің өмір жолы, қоғамдық қызметі, шығармашылық ізденістері мен ел тарихындағы орны туралы жан-жақты мағлұмат ала алады.
Оқи отырыңыз: Алматыда 2025 жылы жарық көрген кітаптардың көрмесі ашылды
Мәдениет пен өнер қайраткерлеріне арналған арнайы бөлім көрменің мазмұнын одан әрі байыта түскен. Мұнда театр, кино және музыка саласындағы тарихи кезеңдер, шығармашылық ізденістер мен ұлттық өнердің қалыптасу жолдары көрнекі материалдар арқылы бейнеленген. Бұл бөлім көрерменге өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, қазақ өнерінің даму эволюциясын терең сезінуге жол ашады.
Оқи отырыңыз: Археологиялық көрме ашылды

Көрме тек танымдық сипатпен шектелмей, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуді мақсат етеді. Жыл бойы жалғасатын айтулы рухани іс-шара Ұлттық кітапханаға келуші оқырмандар үшін тарих пен мәдениетке бойлайтын тағылымды алаңға айналмақ.