Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Облыс орталығында №47 орта мектептің ашылуы – шаһар үшін маңызды оқиға, өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы елеулі қадам. «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру аясында осымен облыс орталығында екінші заманауи мектеп бой көтеріп отыр. Ұлттық жоба балалардың зерттеушілік дағдылары мен шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын жаңа буындағы білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталғаны мәлім. Ал жаңа ғимарат екінші жағынан шаһарда қазақ тілінде білім алатын оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай жойды. Аталған білім ұясының құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталған еді. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Құрылысына 3,8 млрд теңге жұмсалды.
Мемлекеттік тілде білім беретін мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, мамандандырылған зертханалармен, кең спорт залдарымен, кітапханамен, оқушылардың сабақтан тыс іс-шараларына, демалысына арналған аймақтармен жабдықталған. Жобалау барысында қауіпсіздік, қолжетімділік және білім беру үдерісін цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгені байқалады. Оқу кеңістігі инновациялық оқыту әдістемелерін енгізуге, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бейімделген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келешек мектептері» бастамасы аясында өңіріміздегі білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облысымызда үш ауысымдық оқу мәселесін шешу мақсатында жаңа білім ордалары мен мектептерге қосымша ғимарат салу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін Достық шағын ауданында 1200 орындық мектеп ашылған еді. Кейінгі үш жылда облыста жаңадан 10 мектеп тұрғызылды, соның нәтижесінде үш мыңға жуық бала сапалы әрі заманауи білім алуда, – дейді өңір басшысы Асайын Байханов.
Әкімнің сөзінше, алдағы жылдары облыс орталығында үшінші мектептің құрылысы көзделіп отыр. 1200 оқушыға лайықталған ғимарат Усолка шағын ауданында салынады. Құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталуы керек. Қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.
Жаңа білім ұясының директоры Ләйлә Жүсіпованың ақпарынша, мектеп 600 орынға шақталып салынғанымен, қазірдің өзінде мұнда 805 оқушы партаға отырып үлгерген. Оқушылардың келуі әлі де жалғасып жатыр. Соған орай бастауыш сынып оқушылары екі ауысыммен оқиды.
– Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы өте керемет, барлығы жақсы жабдықталған. Пән мұғалімдерімен толық қамтылған, жоғары білікті 74 ұстаз сабақ береді. Камал Мақпалеев атындағы №4 мектеп пен Әлихан Бөкейхан мектебінен 4 сынып келсе, өзгелерінен 12 сыныптай келді, – деп атап өтті білім ұйымының басшысы.
Жалпы, кейінгі жылдары облыста қазақ сыныбын таңдаған оқушылар үлесі тұрақты өсіп келеді. Биылғы оқу жылында өңір бойынша 11 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттаса, олардың 52,2 пайызы қазақ сыныбына барған. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш 35,5 пайыз болса, 2023 жылы – 43 пайыз, 2024 жылы 45 пайыз болған еді. 2025 жылы бірден 7,2 пайызға артқан.
Тағы бір жағымды үрдіс, жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептеріне оқушы іздеп табу бұрынғыдай күрделі емес. Мәселен, Павлодардағы «Сарыарқа» шағын ауданында 2022 жылы мемлекеттік тілде оқытатын Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі ашылған еді. Білім ордасы алғаш таза қазақ тілінде болады дегенде шаһардағы орыстілді қауым шу ете түскен. «Оқушы санын толтыра алмайды, мектеп аралас болсын» деп қарсылық танытып, ақпараттық шабуыл жасағандар да болды. Дегенмен жергілікті білім саласының басында отырған азаматтар дұрыс шешім қабылдап, мектеп мемлекеттік тілде ашылды. Бүгінде аталған оқу ұясына балалар сыймай, жаңадан ашылып отырған №47 мектепке келіп жатқаны соның дәлелі. Қалай десек те, түбінде мемлекеттік тілді меңгергендер озатыны сөзсіз.
ПАВЛОДАР