Спорт • 22 Қаңтар, 2026

Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дохада (Қатар) стенд атудан ересектер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Оған 17 елден келген 200-ге жуық мерген шеберліктерін ортаға салды. Дүбірлі додада ел құрамасынан 41 спортшы бақ сынады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады

Фото: Turizm jane sport ministrligi

Жалпыкомандалық есепте топ жарды

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша біздің мергендер 14 медаль (5 алтын, 4 күміс, 5 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Үш әлемдік және үш Азия рекорды

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жарыс барысында Эдуард Ещенко, Адель Садақбаева, Элеонора Ибрагимова үш әлемдік және үш Азия рекордын жаңартқан.

Алтыннан алқа таққандар

Ел құрамасынан Адель Садақбаева, Қазақстан әйелдер командасы (Адель Садақбаева, Ольга Хайлова, Әсем Орынбай), Қазақстан ерлер командасы (Максим Почивалов, Владислав Заводиленко, Артем Ревков), Қазақстан әйелдер командасы (Элеонора Ибрагимова, Анастасия Прилепина, Наргиза Сарманова) және Қазақстан ерлер командасы (Денис Кривенко, Антон Бельский, Егор Царев) алтыннан алқа тағып, Әнұранымызды шырқатты.

Күміс және қола

Ал Эдуард Ещенко, Максим Почивалов, Максим Бедарев, Элеонора Ибрагимова күміспен күптелсе, Ольга Хайлова, Қазақстан ерлер командасы (Ратмир Еникеев, Эдуард Ещенко, Илья Пеньков), Қазақстан аралас командасы (Эдуард Ещенко, Әсем Орынбай), Владислав Заводиленко және Денис Кривенко қола жүлдені қанағат тұтты.

Үздік нәтижемен айғақтады

Осылайша, мергендер үздік нәтижесімен сары құрлық бәсекесінде еліміздің стенд ату спортындағы әлеуетін көрсетіп, Қазақстанды Азиядағы көшбасшы елдердің бірі екенін айғақтады.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Спорттық ату федерациясын еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов басқарады.

Соңғы жаңалықтар