Өнер • Кеше

Ұрпақтар үндестігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Операның» К.Байсейітова атындағы Камера-лық залында «Ұрпақтар үндестігі» атты тамаша концерт өтті. Бұл сазды кеш өнер майталмандары мен жас дарындардың басын қосты.

Ұрпақтар үндестігі

Жоба бастамашысы – елордалық театрдың солист-кон­цертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айсұлу Бәйкенова. Оның айтуынша, бұл мәдени іс-шараның мақсаты – белгілі өнерпаздар мен жас таланттар арасында алтын көпір болып, айтулы шеберлердің тәжірибесін жастарға сіңіру.

– Кәсіби музыканттар мен жас орындаушылардың бірлескен концертін өткізу көптен ойымда жүрді. Өйткені бұл – өнердің дамуы үшін аса маңызды. Әдетте, өнер май­талмандарының жеке концерті мен шығармашылық жолын енді бастаған жастардың кештері бөлек өтіп жатады. Енді біз олардың басын бір сахнада тоғыстырып отырмыз. Бұл жастардың өнеріне тың серпін береді деп ойлаймыз, – дейді А.Бәйкенова.

Кеш бағдарламасында му­зыканың көптеген жанры қамтылған. Концертте жоба авторымен бірге оның әріптестері – опера солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, скрипкашы Эльмира Жармұхамедова, виолончельші Курванжан Ахатов, фаготшылар Әсет Нел­дібаев, Шернияз Назаров, гобойшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпирова, арфашы Любовь Ткаченко өнер көрсетті. Сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен олардың тәлімгерлері де сахнаға шықты. Вокалист Айгүл Азатова, скрипкашылар Дания Әбілханова, Елдана Көпбай, Далида Ибрагим, виолончельші Диаржан Ахатов, гобойшы Жәңгір Қосымбаев, флейташы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жібек Сапарғалиева, арфашылар Аружан Советова мен Назия Манабаеваның өнері де жұртшылықты жылы әсерге бөледі.

Концерт барысында ше­тел­дік және отандық ком­позиторлардың бірегей музыкалары салтанат құрды. Дарынды жастар өнерлерін музыканың түрлі жанрында айшықты көрсете алды. Айталық, Дания Әбілханова көрнекті композитор Ғазиза Жұбанованың виртуоз әрі техникалық жағынан күрделі шығармасы – оркестр мен скрип­каға арналған концерті-нің үшінші бөлімін керемет орындады. Сонымен қатар Эльмира Жармұхамедова мен Шернияз Назаров Никколо Паганинидің Фагот пен скрип­каға арналған №2 дуэтін на­қышына келтіріп, шырқады. Сондай-ақ И.Бах, А.Вивальди, П.Чайковский секілді әйгілі композиторлардың туындылары да ойналды. Әсіресе «Астана Опера» камералық оркестрі кеш бойы барлық өнерпазды музыкамен сүйемелдеп, бағ­дарламаның шырайын келтірді.

Соңғы жаңалықтар

30 емдеу мекемесі іске қосылды

Медицина • Бүгін, 08:13