Мәселен, Алматы шаһарындағы тәулік бойы қалтқысыз қызмет көрсететін №4 қалалық клиникалық ауруханасының тынысы кеңейді. Жылына 12 500-ге дейін күрделі операция жасайтын іргелі мекеме жуырда толықтай күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай өзгерді. Көпсалалы стационарды жаңғырту жұмысының нәтижесінде аурухананың қабылдау мүмкіндігі едәуір артып, енді бір мезетте 250 емес, 450 адамға дейін ем-дом көрсете алатын деңгейге жетті.
Жаңарған ғимараттағы ең маңызды жаңалық – халықаралық «Triage» жүйесінің енгізілуі. Пациенттерді сұрыптаудың бұл әдісі науқастар легін қызыл, сары, жасыл аймақтарға бөлу арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде, ауыр халдегі науқастарға шұғыл көмек көрсетіліп, асқынулар мен өлім-жітім қаупі сейіледі, сондай-ақ төсектік орын қоры тиімді пайдаланылып, стационарда жату мерзімі қысқарады.
Бұған қоса медицина мекемесінде заманауи операциялық блоктар, 12 орындық анестезиология және реанимация бөлімшесі, қарқынды терапияның шұғыл бөлімі іске қосылды. Тері арқылы жүрек тамырларын емдеу орталығының ашылуы да – ел игілігіне жасалған маңызды қадам. Бұл жүрек-қан тамырлары сырқаты бар азаматтарға жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді ете түседі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматыда халықаралық стандарттар мен заманауи талаптарды ескере отырып, медициналық инфрақұрылымды жүйелі жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 4 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы мен 1 емхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар тағы 32 нысанды салу, қайта жаңғырту жобалары әзірленіп жатыр», деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Шаһардағы игі өзгерістер мұнымен шектелмейді. Бүгінде Алматының «Алтай» шағын ауданында бұрынғы ескі ғимараттың орнына, бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы жаңа емхананың құрылысы қызу жүріп жатыр.
Жаңа нысан ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, цифрлық флюорография, маммография, рентген, МРТ, КТ сынды озық диагностикалық жүйелермен толық жабдықталады. Бұл медициналық тексерулердің жылдамдығы мен дәлдігін арттырып, алғашқы санитарлық көмектің бірыңғай стандарты аясында сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биылғы төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
АЛМАТЫ