Мәдениет • Бүгін, 09:20

Кітап қорын толықтыруда нені ескеру керек?

20 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында рухани түйінді тақырыптар да көтерілді. Мемлекет басшысы қай кезде де қоғамды кітап оқуға үндеп келеді. Астана мен Алматыда президенттік кітапханалардың құрылысы басталатынын айтты. Ұлттық құрылтайдағы тағы бір жаңалық – Үкімет елдегі кітапханалардың кітап қорын толықтыру мақсатында арнайы комиссия құруы мүмкін. Құрылтай аясында өткен жиында Вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кітапханаларда оқырман сұранысын өтейтін кітаптар аз екеніне тоқталды. Осы орайда кітапхана қорын көбейту туралы сол саланың мамандарына сұрақ жолдаған едік. Кезекті қонақтарымыз – Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының директоры Баян Уатаева, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Бану Дәулетбаева, Арқалық қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дәмет Құсайын.

Кітап қорын толықтыруда нені ескеру керек?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Ұлттық құрылтайда кітапхана қорын толықтыру мақсатында комиссия құрылуы мүмкін екені айтылды. Бұған не дейсіз? Кітапхана қорын жаңарту бағытында арнайы бір тізбе керек пе?

м

Ғазиза Құдайберген:

– Кітапхана қорын жаңарту, жүйелі толықтыру мақсатында арнайы комиссия құрылуы – нақты әрі орынды ұсыныс. Мұндай комиссия барлық деңгейдегі кітапханалардағы қажеттілікті саралап, басым бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Комиссияның жұмысы тек қана кітапхана қорының көлемін ұлғайтуға емес, оның сапалық жағын да қамтамасыз етуге тиіс. Әрине, қорды толықтыруға орай арнайы тізбе болуы өте қажет. Бұл тізімге мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар, ғылыми және салалық әдебиеттер, сондай-ақ оқырман сұранысына сай басылымдар енгізілгені дұрыс. Қазірде кітапхана қорын толықтыру тек кітаппен шектелмей, мерзімді басылымдарды, әсіресе өңірлік баспасөзді де қамтыса жөн. Ұлттық кітапханаға арнайы заң аясында міндетті дана ретінде әр басылымның бір данасы берілуі – бұл жүйенің негізі. Қағаз нұсқасы ғана емес, электронды нұсқасының да келуі өте маңызды, себебі цифрлық форматта қорды сақтау мен іздеуді жеңілдетеді, зерттеушілер мен оқырмандарға қолжетімділікті арттырады. Өңірлік мерзімді басылымдардың Ұлттық кітапхана қорына жүйелі келуі үлкен мәнге ие. Біріншіден, кітапханаға келушілердің басым бөлігі, әсіресе ғылыми-зерттеу бағытындағы оқырмандар мен зерттеушілер, жергілікті өмір, мәдениет, тарих тақырыбындағы материалдарға сұраныс білдіреді. Екіншіден, өңірлік баспасөзді жүйелі жинау ұлттық мәдени мұраны сақтау мен келешек зерттеулерге маңызды ақпараттық база қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

с

Бану Дәулетбаева:

– Кітапхана қоры заманның сұраны­сына сай жаңарып отыруы керек. Әлем таңдаған кітаптарды біздің де балалар оқығаны жөн. Адамзаттық деңгейде ойлана алуға тиіс. Терең ойлауды кітап қалыптастырады емес пе?

 

с

Баян Уатаева:

– Бүгінде кітап басып шығару кәсіптің бір түрі болғандықтан, нарықта түрлі кітаптар бар екені белгілі. Оны ірік­теп, таңдау тікелей кітапханашылардың құзы­ретінде болу керек. Арнайы комиссия сол кітапхананың өзінде құрыл­ғаны дұрыс. Басқа жағдайда бюрократия­лық тежеуіштер әсер етуі мүмкін. Яғни ­ар­найы комиссия құрмай, кітапхана қорын то­лықтыру, сақтау жөніндегі нор­матив­тік құжатқа қорды толықты­ру­ға сәйкес арнайы тарау енгізіп, онда жасақтау дереккөздерін, талаптарын атап өтсе жөн болар еді. Ал арнайы тізбеге қарсымын. Қазақ және әлем әдебиетінің маржан­дарын тізіп жазу мүмкін болар, бірақ бұл жұмыс та оңайға соқпайды. Заманауи қаламгерлердің шығармала­рын тізімге енгізіп, кім толықтырып отырады? Еліміздегі кітапханалар тек отандық баспа өнімдерімен ғана емес, алыс-жақын шетелде жарық көрген құ­жаттармен толығып отырады. Бұл мәселе қалай шешілмек? Жалпы, тізбе құ­ратын адамның субъективті көзқарасы ба­сым болуы мүмкін, бірнеше адам жасаса да, көпшіліктің талғамын ескеру мүм­кін емес.

 

р

Дәмет Құсайын:

– Бүгінде кітап нарығында сапасыз дүние көбейіп кетті. Кез келген адам көркемдік деңгейі төмен, жеке отбасылық тұрмысын ғана баяндайтын кітаптар шығара береді. Бұл оқырман талғамына кері әсер етіп, кітаптың құндылығын төмендетеді. Сондықтан кітап қорын толықтыру кезінде мазмұны мен көркемдік сапасын бағалайтын арнайы комиссия құрылуы қажет. Мұндай комиссия әдеби, ғылыми және мәдени тұрғыдан құнды еңбектерді іріктеп, оқырманға сапалы кітаптардың жетуін қамтамасыз етер еді.

– Кітапхана қорын толықтыру жүйе­сіне қатысты қандай ұсынысыңыз бар?

Баян Уатаева:

– Бүгінде кітапхана қорын толықтыру жүйесі өз мәнінде жүргізіліп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын кітапты мемлекеттік сатып алу порталы арқылы баға сұранысы тәсілімен сатып алу туралы жаңалық енгізілгенде, көп кітапханашылар күмәнмен қарап, қор дұрыс жасақталмай қалуы мүмкін деген ой туған еді. Бірақ барлық кітапхана осы тәсілде сәтті жұмыс атқарып отыр. Кітапхана қорын сапалы құжаттармен толықтыруда міндетті түрде кітапхананың бағдары мен қызмет көрсету аудиториясы ескерілуге тиіс. Балалар әдебиетіне қойылатын талаптардың ерекше болатыны сөзсіз және ол «Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап және журналдардың басылымдары» мемлекеттік стандартына сай болуы қажет. Яғни мазмұны мен жас ерекшелігіне сай кітап қағазы мен шрифті, иллюстрациясына аса көп мән берілуі керек. Кітапхана сөрелерінде тек көркем әдебиет қана емес, білім-ғылым салалары бойынша әдебиеттердің көп болғаны абзал. Бүгінде балаларға ғылым салалары бойынша қазақ тіліндегі заманауи басылымдар жетіспейді. Әлемдік тәжірибеде баспалардың тапсырысы бойынша жазылатын кітаптар да болады. Біздің отандық баспалар өз қаражатына осы бағыттағы кітаптарды жазу мақсатында мамандарды шақырып, танымдық кітаптар да шығарса деген ұсынысымыз бар.

Ғазиза Құдайберген:

– Алдағы уақытта республикалық библиографиялық коллектор жұмысын жаңаша форматта қайта жандандыруды маңызды стратегиялық бағыттардың бірі ретінде қарастыруға болады. Біз ұсынатын бұл бастама – республикалық электронды библиографиялық коллектор құру. Оның негізгі мәні – еліміздегі барлық бас­пада жарық көріп жатқан кітаптардың бірыңғай, орталықтандырылған электронды тізімін қалыптастыру. Яғни әрбір жаңа басылым шыққан сәттен бастап сол кітап туралы толық библиографиялық дерек бір ортақ платформаға енгізіліп, барлық кітапханаға қолжетімді етілсе? Мұндай жүйе іске қосылған жағдайда, кітапханалар қорын толықтыру үдерісі мүлде жаңа деңгейге көтеріледі. Біріншіден, қай бас­падан, қай өңірден, қандай тақырыптағы, қандай автордың еңбегі шыққаны жедел әрі нақты көрінеді. Екіншіден, кітапханалар өз профилі мен оқырман сұранысына сәйкес қажетті басылымдарды сол электронды коллектор арқылы алдын ала таңдап, тапсырыс беру мүмкіндігін иеленеді. Бұл қорды жоспарлы, мақсатты және тиімді толықтыруға жол ашады. Сондай-ақ қайталанатын сатыпалулар азайып, қаржы тиімді жұмсалады, ал сирек немесе сұранысы жоғары басылымдарды өңірлер арасында теңдей таратуға болады.

Бану Дәулетбаева:

– Құрылатын комиссия көркемдік кеңес сияқты форматта жұмыс істейді деп ойлаймын. Жақында ғана «Кітапхананы басқару ісі» бойынша Америка Құрама Штаттарында «Болашақ» бағдар­лама­сымен білімімді жетілдіріп келдім. Ол жақта бір ғана грек жаңғағын өсі­руге қатысты мыңдаған кітап бар. Тіпті иттің күтіміне де жүздеген кітап арналған. Технологияның атасы саналатын Калифорнияның өзі гаджеттерге емес, қолға ұстап оқитын кітапқа басымдық беретініне қайран қалдым. Біз ит-мысықтың күтімі туралы мыңдаған кітап шығаруға жетпесек те, оқырманның ең негізгі – медицина, кітапхана ісі, инженерия, тау-кен ісі, тарих, философия, өнер, көркем әдебиет сияқты сұраныстарын толық өтейтін жағдайға жетсек деймін.

– Мемлекеттік тапсырыспен таралатын шығармалар барлық кітапхана­ларға толық жете ме? Жалпы, осы кітаптар көп оқыла ма?

Дәмет Құсайын:

– Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптың барлығы оқылады деп айту қиын. Себебі, қазіргі оқырманның талғамы өз­герген, сұранысы басқа. Сондықтан ол кітап­тарды іріктеуде оқырман сұранысы, маз­мұн сапасы, көркемдік деңгейі ескерілсе дейміз.

Ғазиза Құдайберген:

– Бұны бір ғана өлшеммен бағалау дұрыс болмас. Кейбір басылымдар бірден жиі сұралатын кітаптардың қатарына енсе, енді бірқатары ұзақ мерзімге арналған, тұрақты, бірақ баяу айналымдағы қор ретінде қызмет етеді. Кітапхана тәжірибесінде мұндай кітаптар жылдар бойы сұраныстан түспей, әр буын оқырманына қайта-қайта қажет болып отырады. Олар бір сәттік қызығу­шылықпен емес, үздіксіз, жүйелі түрде пайдаланылатын интеллектуалдық ресурс­қа айналады. Қазірде кітапхана сөрелермен шектелмейтінін де ескеру керек. Электронды каталогтер, цифрлық қызметтер, қашықтан оқу мүмкіндіктері арқылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың қолжетімділігі артып, оларды пайдаланушылар қатары да кеңейіп келеді.

Баян Уатаева:

– Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың сапасы мен мазмұны кейінгі бес жылда біршама жақсарды, балалар әдебиетіне көп көңіл бөліне бастады. Бүгінде осы бағдарлама бойынша шыққан әдебиеттер әртүрлі жанрды қамтиды, яғни ертегіден бастап, энциклопедиялық басылымдарға дейін. Мысалы, кітап бері­ліміне талдау жасай келе, Зира Наурыз­баева мен Лиля Калаустың «Алтын тос­тағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері» кітабы мен Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» оқырман арасында танымал екенін білдік.

Бану Дәулетбаева:

– Мемлекеттік тапсырыс та кітапхана сұратқан кітаптардан пайда болуы керек негізі. Кітапханалар сұраныстағы кітап­тарды мемлекетке жібереді. Сосын сол кітаптарға мемлекет тапсырыс жасайды. Демек, оқырман өзі сұратқан кітаптарды алады.

– Оқырман сұранысын өтеуге бү­гін­гі кітапхана қорлары жеткілікті ме? ­Ізде­ген кітап сөреде жоқ болатын жағдай кездесе ме?

Ғазиза Құдайберген:

– Бүгінгі кітапхана қорлары оқыр­ман сұранысын өтеуге толық жеткілікті. Кітапханаларда көркем әдебиеттен бастап, оқу, ғылыми және салалық әдебиеттерге дейін кең ауқымды қор бар. Дегенмен, бұл қор оқырманның барлық сұраны­сын толықтай қамтамасыз етеді дегенді білдірмейді. Кейде оқырман іздеген кітап­тар сөрелерде болмауы мүмкін, әсіресе авторлар шығармаларын жеке баспалардан шығарып, кітапханаларға өткізуге біраз уақытқа дейін асықпаған жағдайда.

Бану Дәулетбаева:

– Әрине, болады. Алайда кітапхана­ның міндеті – оқырман сұранысын қана­ғаттандыру, барынша оқырманға қалтқысыз қызмет ету. Дәл сол сұраған кітап табылмаса да, сол тақырыптағы басқа дүниелерді ұсынып, оқырман кішкентай ғана болса да ақпарат, білім алып кетуіне барынша тырысамыз.

Баян Уатаева:

– Оқырман сұранысы толқын тәріздес. Бір кезде мотивациялық кітаптар көп оқылса, бір уақытта А.Кристиді оқитындар саны артады. Бұл, әрине, жасөспірімдер арасындағы өзара талқылау, ой бөлісу нәтижесі, не ғаламтор желісінің жарнамасынан шығуы мүмкін, не шынайы бестселлер болуы мүмкін. Сұраныс артқанда, оқырман кезекке тұрып оқитын кездер де кездеседі. Өйткені кітапханалар бір кітаптың ең көп дегенде 5 данасын ғана алады, ал кей жағдайда одан да аз болуы мүмкін. Бұл кітаптың құнына тікелей байланысты. Кей кітапханаларға бөлінетін қаржы сомасының аздығы кітап данасын азайту арқылы, түрлілігін көбейтуге мән беруіне мәжбүрлейді. Мысалы, балалар ұнататын комикстердің бір данасы 7–8 мың теңге тұрады, ал оны көп алуға бюджеттен бөлінген қаржы жетпеуі мүмкін.

– Бүгінгі оқырманның талғамы қандай? Кім не оқиды?

Ғазиза Құдайберген:

– Адамдар әдеби шығармаларды тек көңіл көтеру немесе дем алу үшін ғана оқы­майды, рухани байлыққа кенелу, ой-пікірін кеңейту, өзіндік дүние­танымын қалыптастыру мақсатында да көркем әде­биетке жүгінеді. Сол себепті кітапхана қызметін ұйымдастырғанда көркем әдебиеттің әртүрлі жанры – класси­калық шығармалардан бастап, заманауи прозалық және поэтикалық еңбек­терге дейін – оқырман сұранысына сәйкес жүйелі түрде ұсынылуы маңызды. Салалық әдебиет сұранысы да көркем әдебиет сияқты тұрақты, бірақ өзіне тән ерекше­лікке ие. Олар уақыт өте маңызды ақпарат көзі болып, бір мезетте емес, ұзақ мерзімге пайдаланылатын қор ретінде қызмет етеді.

Баян Уатаева:

– Кітап таңдау да адамның жасына, әлеуметтік жағдайына, қызығушылығына, мақсатына орай өзгеріп отырады. Балдырғандар әдеттегідей, ертегілер, өлеңдер, шағын әңгімелерді ұнатады. Әрине, оларға белгілі бір кітапты оқуға ата-аналары кеңес береді. Мектеп жасындағы балалар кітапты өздігінен таңдайды. Бұл жаста балалар көбінесе қызықты сюжеттері мен жарқын кейіпкерлері бар кітаптарды жақсы көреді. Балалар детективтеріне, комикстер мен фэнтезиге қызығушылық танытады. Өсе келе, қиял-ғажайып оқуды жалғастырып, классикалық әдебиет пен за­манауи романдарды, нон-фикшн және мотивация­лық кітаптарды оқуды ұната­ды. Мысалы, 10-11-сынып оқушылары ара­­сын­да Кен Могидің «Икигай», Азамат Ска­ков­тың «Сен», Қайрат Жолдыбай­ұлы­ның ­«Кемел адам», Мартин Зусактың ­«Книж­ный вор» кітаптары бүгінде көп сұранысқа ие. Бастауыш мектеп жасындағы балалар Сара Гюрбюз Озереннің «Бір микроб­­­­тың күнделігінен», «Су тамшысының ­әлем­ді аралауы» мен әлемдік бестселлер Руал Даһлдің «Чарли және шоколад фабрикасын» іздеп оқиды.

Бану Дәулетбаева:

– Бір қызық дүниені байқадым. Енді әріп тани бастаған бала ертегі оқиды екен. Сосын мектепке барғаннан кейін 5–6-сыныпқа дейін танымдық әдебиетке құмартады. Көркем әдебиеттен гөрі бірдеңе үйрететін, білімін шыңдайтын дүниелерді оқиды. Сосын есейген уақытта қайтадан көркем шығармаға ден қояды. Бұған сауалнама жасап, зерттеп барып көз жеткіздім. Оқырман талғамы да өзгерген. Құндылықтары да. Кітапханадағы кітап клубтарында тың ойларды естіп қаламын. Кейіпкерді талдаған кезде жастардың құндылықтары мен дүниеге көзқарасы мүлде басқа екенін байқаймын. Сондықтан оларды жазушылармен жиі кездестіруге тырысамыз. Кітапхана деген оқырман мен автордың арасындағы алтын көпір ғой. Жазушылар да замана бағытын аңдасын дейміз.

– Заманауи кітапхананың сипаты қандай болуы керек?

Бану Дәулетбаева:

– Заманауи кітапхана кез келген уақыт­та келіп, жайланып отырып, кітап әлемі­­не ене алатын, тіпті кітап оқымаса да бас­­қа ақпарат алып, көңіл көкжиегін кеңей­­те­тін орын болуы керек. Экологиялық ­таза, зиянсыз құрылыс материалдарынан ­са­лынып, барынша қайта өңделетін жиһаз­дарды пайдаланса. Мысалы, қағаз­ды үнем­­деп, электронды құжат айналы­мын қа­­лыптастырып, қоқысты да сұрыптауы ке­рек. Есігі баршаға ашық, пандус, лифт, Брайль қарпімен жазылған кітаптар, толып жатқан аудиокітаптар, балалар мен қарт­тарға ыңғайлы орынға айналса құба-құп.

Баян Уатаева:

– Ел кітапханалары да әлемдік дең­гейдегі кітаптармен толығып келеді. Кітап­ха­на – білім алу мен жұмыс жасауға ыңғай­лы орын, кеңістікке айналған. Сондай-ақ балалардың тұлға болып қалыптасуына, қоғамға бейімделуіне ықпал етіп, мәдени-ағартушылық қызметті атқаратын бірден-бір мекеме.

Ғазиза Құдайберген:

– Заманауи кітапхананың сипатын сипаттағанда, ең алдымен оның дәстүрлі миссиясын сақтау маңызды екенін атап өту керек. Кітапхана – ғасырлар бойы қалыптасқан білім мен мәдениет қоры, ақпараттық орталық ретінде оқырманға қызмет көрсетудің негізгі бағытынан айнымауға тиіс. Жасанды интеллект, цифрлық платформалар, электронды каталогтер, онлайн кітапхана қызметтері – осының барлығы кітапхана қызметін кеңейтіп, оқырманға ыңғайлы етудің тиімді жолдары екені анық. Мысалы, жасанды интеллект негізіндегі іздеу жүйелері оқырманға қажетті ақпаратты тез тауып береді, электронды қорлар мен мобильді қосымшалар кітапхананың физикалық кеңістікке тәуел­ділігін азайтады, ал виртуалды оқу зал­дары мен онлайн семинарлар қазіргі оқыр­манның білім алу мүмкіндігін арттырады.

– Пікірлеріңізге рахмет.

 

Дөңгелек үстелді дайындаған –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар