Сурет: buginmedia.kz
Министрліктің дерегінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен өткен жылы 878-ге дейін өсіп, оқушылар саны 53 мыңнан 322 мың балаға дейін артқан. Дәл осы кезеңде бюджет шығыстары 13,3 млрд теңгеден 248 млрд теңгеге дейін ұлғайып, жиырма еседен астам артқан. Өткен жылдың аяғына дейін қаржыландыру жүйесінің бытыраңқы әрі бақылаусыз болғаны бюджет қаражатының теріс жұмсалуына әрі деректердің бұрмалануына мүмкіндік бергені айтылды.
Бұл жағдайды еңсеру мақсатында 2024 жылдың соңынан бастап қаржыландыру толықтай ашықтық пен автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Orta-bilim.e-qazyna» цифрлық платформасына көшірілген. Жаңа тәсіл қазір тиімділігін көрсетіп, бюджет қаражатын жосықсыз пайдалану тәуекелдерін едәуір төмендетіп отыр.
Аудит барысында жекеменшік мектептер тарапынан оқушылар санын бірнеше рет тіркеу арқылы көбейту, ғимарат сыйымдылығын ескермей орын санын негізсіз арттыру, салықтық есептілікте кірісті төмендету арқылы артық пайда алу, жобалық-сметалық құжатсыз күрделі жөндеу қаражатын игеру сияқты заңбұзушылықтар анықталды.
Аудит қорытындысы жекеменшік мектептердің елеулі бөлігі мемлекеттік қолдауды білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру тетігі емес, бюджет есебінен табыс табу көзі ретінде қарастырғанын көрсетті. Бұл ретте бақылау функциялары тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспаған, кей жағдайда заңбұзушылыққа лауазымды тұлғалардың қатысы болғаны байқалған.
Қаржы министрлігі тексеруді жалғастырып жатыр, ал оның қорытындысы бойынша қаржыландыру тетігін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірленетін болады.
Агроөнеркәсіп кешенін 2023–2024 жылдары қаржыландыруға жүргізілген аудит жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрайтын заңбұзушылықтарды анықтады, оның қатарында бюджеттің тікелей шығындары 32 млрд теңгеге жеткен. Осы аралықта АӨК-ті қолдауға шамамен 1,2 трлн теңге бөлінгеніне қарамастан, қаржының нақты экономикалық нәтиже мен халыққа пайда әкелмей игерілгені белгілі болды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, тексеру нәтижесінде субсидиялау бағытында 5,5 млрд теңгеге дейінгі сомада көлеңкелі схемалар тіркеліп, 11 өңірде бір ірі қара малды бірнеше рет жалған сату фактілері анықталған. Инвестициялық жобалар бойынша да бұзушылықтар аса ауқымды болып шықты. Бюджеттік кредиттер есебінен жүзеге асатын жобаларда 13,3 млрд теңге көлемінде мал мен жабдықтың жеткізілмеуі, құрылыс жұмыстарының төленіп, бірақ орындалмауы секілді жағдайлар болған.
Микронесие беру тетігі де мәселе туғызған. Қолданыстағы тыйым салулары мен мерзімі өткен берешегі бар 25 қарыз алушыға 177,7 млн теңге көлемінде несие берілген, олардың жалпы берешегі 45,8 млн теңгені құраған. Дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары жыл сайын шамамен 140 млрд теңгені құрап, 3,2 мың қарыз алушыны қамтитынына қарамастан, жұмыс тиімсіз жүрген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлер шығындарын 70 пайызға дейін жабу көрсеткішін қамтамасыз ете алмай келеді, ал қаражаттың шағын көлемдерге бөлінуі ауыл шаруашылығы жұмыстарының толық циклін жүргізуге мүмкіндік бермейді.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Премьер-министр АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырма берді. Енді Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері интеграцияланады және бірыңғай цифрлық мониторинг енгізіледі. Субсидиялау қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты өндірілген өнімге бағдарланады, ал мемлекеттік қолдау талаптары толық орындалмай тұрып субсидияланған малды сатуға жол берілмейді. Мемлекеттік кредиттер есебінен жүргізілетін инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама енгізіледі. Анықталған нақты заңбұзушылықтар құқық қорғау органдарына жолданады.