Фото: shefit.m.ru
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында министрлік оқушылардың оқу жүктемесін азайту мақсатында бірқатар пәндерді біріктіру мүмкіндігін қарастырған еді. Атап айтқанда, алгебра мен геометрияны «математика» пәніне, физика, химия және биологияны «жаратылыстану ғылымдарына», ал дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «әлеуметтік ғылымға» біріктіру ұсынылған болатын.
Алайда бұл бастама жан-жақты сараланып, білім беру қауымдастығымен кеңінен талқыланған соң, әзірге жүзеге асырылмайтын болды.
«2025 жылы алқалы жиында үш пәнді – физика, химия, биологияны «жаратылыстану ғылымдарына», алгебра мен геометрияны «математикаға», дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «әлеуметтік ғылымға» біріктіру қажет деген шешім қабылданған еді. Алайда бұл реформаны тоқтаттық. Біз іргелі ғылымдар бөлек оқытылуы тиіс деп есептейміз», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе мұғалімдермен де талқыланған. Педагогтер іргелі пәндердің жеке-жеке оқытылуы оқушылардың базалық білімін қалыптастыруда маңызды екенін атап өткен.
Осылайша, министрлік қазіргі кезеңде мектеп бағдарламасының тұрақтылығын сақтауға және негізгі пәндердің мазмұнын тереңдетіп оқытуға басымдық беріп отыр.