Аймақтар • 29 Қаңтар, 2026

Әуежайдың мүмкіндігі молаяды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл әуежайы қайта жаңғыртылып, оған арнайы сертификат берілді. Енді әуежай орташа магистральды «Boeing 767» және «Airbus A330» сияқты ұшақтарды да қабылдай алады.

Әуежайдың мүмкіндігі молаяды

Қазір стратегиялық нысан «Петропавлдың халықаралық әуежайы» деп аталады. Ұшу-қону алаңы 10 см бетонмен қапталып, ұзын­ды­ғы 2 800 метр­ге, жалпақтығы 45 метрге де­йін кеңейді. Сонымен қатар қону алаңы мен мен перрон халықаралық стандарттарға сәй­кес­тендіріліп, жарықты дабылмен қамтамасыз етілген.  Сөйтіп, қазір әуежай 171 тоннаға дейін жүк көтере алатын ұшақтарды ұшырып-қондыра алады.

Былтырдан бері «Qazaq Air» авиакомпаниясының ұшақтары аптасына 2 рет –  Астанаға, ал «Scat» компаниясының ұшақ­тары аптасына екі рет Алматы мен Шымкент қалаларына ұшып тұрды. Былтырғы жазда тіпті Мысырдың Шарм-әл-Шейх қала­сына чартерлік рейстер де ұйым­дастырылды.

Біраздан бері әуежайды бас­­­қаратын компания табылмаған еді. Қазір оны елімізде тұратын түрік азаматтары Фаррух пен Сухраб Махмудовтар құрған «Orbis Kazakhstan» тобы сенімді бас­қа­ру­ға алған. Компания әуе­жайды дамытуға 1,2 млрд теңге инвестиция құйды. Қазақстан ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті АҚШ нарықтарында еңбек ететін түрік компаниясы – қазір еліміздегі та­бысты кәсіпорындардың қата­рын­да.

Жуырда әуежай дирек­то­­­­­ры­ның міндетін атқарушы Әбіл Кекілбаев кәсіпорынның «Qyzyljar» арнайы экономикалық айма­ғына өту мүмкіндігі бар екенін жария­лады. Ол үшін әуежайдан ар­на­йы экономикалық аймаққа алты шақырымдық теміржол желісін тарту керек екен. Бұл – «Qyzyljar» АЭА кәсіпорындардың алыстан келетін құрал-сайман­дарын әуежайдан бірден жет­кі­зуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ АЭА аумағында кейбір кә­сіпорын­дардың жүктерін де алыс шетелге бірден әкетуге жол ашады. «АЭА аумағына қосылуымыз бізге салықтық жеңілдіктер алуға, инвес­тиция тартуға жағдай жасайды», дейді Ә.Кекілбаев.  

Осылайша, Петропавл әуе­жайы кеңейіп, табысы мола­йып, аймақ­тың транзиттік әлеуетінің артуына үлес қоспақ. Ресейге жақын орналасуы да бұл жобаның тиімді іске асырылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қазпошта» компаниясымен де келіссөздер жүргізіліп, қойма, терминалдар салу мәселелері талқыланып жатыр.

 

ПЕТРОПАВЛ

Соңғы жаңалықтар

Хандарды қашап сомдаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:40