Фото: Ашық дереккөз
Energy Analytics мәліметінше, елдің негізгі экспорттық арнасы – Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) мұнай құбыры, оның жобалық қуаты жылына 60 млн тоннаны құрайды. Алайда 2020 жылдан бері БТД қуатының жартысынан астамы (30 млн тоннадан көп) пайдаланылмай тұр. Пандемиядан кейін қысқа мерзімді өсім болғанымен, 2023 жылдан бастап қайтадан төмендеу үрдісі байқалады.
Қазақстан үшін БТД бағыты экспортты әртараптандыруды күшейтіп, басым бағыттардағы тәуекелдерге тәуелділікті азайтады. 2025 жылы БТД арқылы 1,3 млн тонна отандық мұнай тасымалданды, бұл көрсеткіш алдағы уақытта көлемді арттыруға мүмкіндік бар екенін аңғартады.
БТД бойынша тарифтерді жоғары деуге келмейді – олар бәсекеге қабілетті және КТК тарифтерімен шамалас деңгейде.
Инвестиция көлемі 1,4 млрд доллар: Венесуэланың мұнай нарығы өзгере ме?
Алайда Energy Analytics сарапшылары Қазақстан үшін бұл бағытты қамтамасыз етуде бірқатар логистикалық қиындықтар бар екенін айтады:
- Бірінші кезеңде негізгі кен орындарынан мұнайды Ақтау портына, көбіне теміржол арқылы жеткізу қажет. Көлем артқан жағдайда қосымша вагон паркі және логистиканы жақсырақ үйлестіру талап етіледі.
- Теңіз учаскесі: Ақтаудан мұнай Каспий теңізі арқылы танкерлермен Бакуге жеткізіліп, сол жерде БТД жүйесіне айдалады. Бұл жерде бос танкерлердің болуы мен порт инфрақұрылымының өткізу қабілеті маңызды рөл атқарады.
- Шикізат сапасы: Отандық және әзербайжандық мұнайдың тығыздығы мен күкірт мөлшері бойынша айырмашылықтары бар.
Соған қарамастан маршруттарды әртараптандыру жағдайында отандық мұнайды БТД арқылы транзиттеу өзара тиімді болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстан баламалы әрі сенімді экспорттық арнаға ие болады. Ал Әзербайжан өз өндірісінің төмендеуін ішінара өтеп, құбыр жүктемесін арттырады. Яғни, екі ел де сыртқы нарықтардағы позициясын күшейтіп, логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.