Бір күн бұрын ширек финалдық ойында әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекті 7:5, 6:1 есебімен ұтқан Елена бұл мачты да сенімді бастаған еді. Бірінші сетті ешқандай қиындықсыз еркін еңсерді. Екінші сетте 5:3 есебімен алда тұрып, қарсыластың соққысында үш матчболды пайдалана алмады. Сөйтіп, сет тай-брейкке ұласты. Мұнда да таразы басы екі жаққа кезек ауды. Пегула тіпті екі сетболға қол жеткізді. Дегенмен Елена салқынқандылық танытып, ойынды екі сетте аяқтады, тай-брейктің есебі – 9:7.
Е.Рыбакина финалда ежелгі қарсыласы, әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенкомен кездеседі. Ойын сенбі күні өтеді. Бұл екі теннисші осыдан үш жыл бұрын, 2023 жылы да Аустралия ашық біріншілігінің финалында ойнаған. Онда Елена үш сетте жеңіліп қалған еді. Есесіне өткен жылдың қорытынды турнирінің финалында Аринаны екі сетте ұтты. Бұл жолы да Еленаның айы оңынан тусын деп тілелік.
Сондай-ақ еліміздің жұптасып өнер көрсету шебері Анна Данилина да «Australian Open» финалына шықты. Анна серб теннисшісі Александра Круничпен бірге бүгін Элизе Мертенс (Бельгия)/Шуан Чжай (Қытай) жұбына қарсы ойында бас жүлдені сарапқа салады.